Жер дауы: Заң неге қарапайым пайшы емес, ірі алпауыттардың сөзін сөйлейді

Елімізде ұзақ жылдардан бері жылдар бойы қордаланып, шешімі табылмай отырған мәселенің бірі — жер дауы. Заңдағы шиікілік пен ауыл халқының аңғалдығын пайдаланып, ебін тапқандар кезінде неше түрлі айла-шарғы тауып, біраз жерді жамбастарына басып қалды. Салдарынан халық мал жаятын жер таппай, жері барлар латифундистердің құрығына ілініп, сандалумен келеді.
tiek.kz порталы Солтүстік Қазақстандағы осындай жер дауын назарға алған еді. Даудың басында заңдағы шикілік салдарынан жер үлесінен (пай) айырылып, құқын қорғай алмай жүрген ауыл халқы мен оларға араша түскен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) тұрса, екінші тарапта – «бәрі заңды, жүйелі проблема жоқ» деген ұстанымдағы Ауыл шаруашылығы министрлігі тұр.
Тілшіміз осы даулы мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін тараптардың уәжін тыңдап қайтқан еді.
50 гектар жерге небары 5 қап ұн беретін
Ірі ЖШС-лардың (серіктестіктердің) құрамына өз үлестерімен кіріп, кейін шыға алмай қалған шаруалардың көрген қиындығы шаш-етектен. Олардың айтуынша, жергілікті халық жылдар бойы латифундистердің (ірі жер иеленушілердің) құрсауында келеді. Солардың бірі — Сандықтау ауданындағы «Дәулет» ШҚ жетекшіс Дәулет Амрин.
Айтуынша, кезінде жерлерін халықтың рұқсатынсыз банкке кепілге қойып жіберген.
«Новоникольское» ЖШС құрамынан шыға алмай, көп жыл соттастым. Себебі, біздің жерімізді халықтың рұқсатынсыз құс фабрикасын саламыз деп 2 млрд 350 млн теңгеге банкке кепілдікке (залогқа) қойып жіберген. ЖСДП партиясының араласуымен, аудандық соттан Жоғарғы сотқа дейін барып, 2022 жылы әрең дегенде құрамнан шығып, кепілдікті алдық. Бұрын бір пайға берілетін дивиденд өте аз еді, қазір партияның арқасында 40 000 теңгеге дейін көтерілді, бірақ бұл да қазіргі заманда аз», — дейді шаруа.
Мұндай мәселе Айытау ауданының тұрғындарының да бас ауруына айналған.
«Ірі ТОО-ның құрамында болғанда, 50 гектар жеріміз үшін жылына бар-жоғы 5 қап ұн немесе 2-3 тонна зерноотход беретін. Бұл мазақ қой! Біз сияқты қарапайым халыққа ақшасы мен билігі барлар басқаша қарайтын. ЖСДП келіп, мәселені әлеуметтік желіге шығарып, тексеріс бастағанда ғана бізді «Гусаковка» ЖШС құрамынан шығарды.
Қазір өз жерімізді өзіміз егіп жатырмыз. Ауылда монополия жоқ, салауатты бәсекелестік пайда болды. Механизаторлар мен жүргізушілер енді жұмыс берушіні өздері таңдайды, жалақы өсті. Тіпті ауыл жастары тракторшы, дәнекерлеуші болуға қызыға бастады. Жерді өзімізге қайтару арқылы ауылдың демографиясын көтеруге болатынына көзім жетті», — дейді «Дос» ФШ директоры Саят Өтегенов.
Жер туралы заңнама ірі алпауыттардың сойылын соғып тұр
ЖСДП Орталық аппаратының жетекшісі Мақсұт Насибуловтың айтуынша, бұл мәселенің түп-төркіні Қазақстан заңнамасындағы үлкен шикілікте жатыр. Айтуынша, қазіргі заңдар қарапайым пайшыны емес, ірі инвесторларды ғана қорғауға бағытталған.
«Жер кодексі» бойынша әрбір пайшы өз жерін бөліп алып, шаруашылық ашуға құқылы. Бірақ «ЖШС туралы заңда» дауыс беру үлес (доля) бойынша жүреді. Егер бас құрылтайшының қолында 80-90% үлес болса, 400 пайшы жиналып «шығамыз» десе де, жалғыз құрылтайшы «қарсымын» деп қолын көтерсе, халықты шығармай тастай алады», — дейді Мақсұт Насибулов.
Сондай-ақ, кедіргі болар тағы үш фактор бар:
Банктегі кепілдік сұрқиялығы — ЖШС басшылары халықтың жерін миллиондаған гектармен банкке залогқа қойып, несие алады. Несие төленбесе, жер банк арқылы үшінші қолға сатылып кетеді, ал халық мүлдем құқықсыз қалады.
Тіркеудегі кедергілер — шаруалар соттасып жүріп ЖШС-дан шыққан күннің өзінде, ХҚКО-ға (ЦОН) барғанда жерді тіркей алмайды. Себебі, бұрынғы ЖШС басшылығы «жер көлемінің азайғаны туралы» өтініш беруі керек. Олар бұл өтінішті бермей, әдейі созады.
Соңғысы — ақпараттың жабықтығы. Яғни Ауыл шаруашылығы министрлігінде немесе әкімдіктерде пайшылардың бірыңғай базасы жоқ.
««Кімнің қанша жері бар, кім көшіп кетті – есеп жүргізілмейді. ЖСДП өз күшімен 2200-ден астам пайшы тіркелген база құрғанымен, үкімет оған ешқашан қызығушылық танытпаған. Осы мақсатта партиямыз 2023 жылы заңға түзетулер енгізуді ұсынып, «бір адам – бір дауыс» жүйесін енгізуді және жерді банкке кепілге қою үшін пайшылардың кемі 50%-ның жазбаша рұқсатын талап етуді сұраған. Алайда Үкімет пен ведомствоаралық комиссия «бәрі заңда жазылған, өзгеріс керек емес» деп бұл ұсыныстарды толықтай қабылдамай тастаған», — дейді ЖСДП Орталық аппаратының жетекшісі.
Аса ушығып тұрған мәселе жоқ
Алайда, Ауыл шаруашылығы мамандарының пікірі мүлдем бөлек болып отыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бұл жерде ешқандай жаппай дау-дамай жоқ, тек жекелеген өңірлердегі уақытша факторлар ғана бар.
«Жаппай ушығып тұрған дау жоқ. Шамамен 80-нен астам ғана проблемалық шаруашылық бар. Шындығына келгенде мемлекет жеке меншік дауына араласпайды. Мәселе тек сот ретінде шешілуі тиіс.
«ЖШС туралы» және «Акционерлік қоғамдар туралы» заңдарға сәйкес, кім қанша капитал құйса, сонша пайызбен дауыс береді. Бір дауыс, бір үлес деген механизм азаматтық заңнамаға қайшы, сондықтан Жер кодексіне ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Оны арнайы комиссия шешеді: Әр облыста әкім орынбасарларының төрағалығымен және прокуратура өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс топтары құрылған», — Азат Сұлтанов.
Толық нұсқасы Tiek YouTube арнасынан тамашалай аласыздар.
Материал ЖСДП партиясымен әріптестік негізінде дайындалды



