Қоғам

«Жағдайы жаман емес»: министр курьер-ана туралы күтпеген мәлімет таратты

Алматыда қолындағы сәбиімен курьер болып жұмыс істеген алматылық келіншекке қатысты тың ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенаттың кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қоғамда кеңінен талқыланған жағдайға қатысты пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, жүргізілген зерделеу жұмыстары отбасының әлеуметтік жағдайы туралы тараған кейбір мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын көрсеткен.

Ведомство басшысы министрлік өкілдері аталған отбасының жағдайын арнайы қарап шыққанын алға тартты. Нәтижесінде әйелдің жұбайы ақпараттық технологиялар саласы бойынша жоғары білім алғаны, ал өзінің арнаулы орта білімі бар екені анықталған.

Олар Алматыға 19 мамырда келген. Мақсаттары – өз күштерімен тіршілік жасап көру. Әйел шынымен курьер ретінде тіркелген. Алайда жұбайының денсаулығына қатысты айтылған ақпарат дұрыс емес. Ол азаматтың 2 миллион теңге көлемінде автонесиесі бар. Жалпы отбасының жағдайы жаман емес. Туған ағасы ломбард саласында еңбек етеді. Ата-анасының да тұрмысы тәуір. Сондықтан бұл отбасы әлеуметтік тұрғыдан қамсыз деп айтуға келмейді, – деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы мәселенің екінші жағына да назар аударды. Оның пікірінше, басты сұрақтардың бірі – платформалық жұмыспен қамту қызметтерінің қолындағы сәбиі бар әйелді курьерлік жұмысқа қалай тіркеп, жұмысқа жібергені.

Бізде қазір платформалық жұмыспен қамту компанияларына қатысты сұрақтар туындап отыр. Ол қандай дайындықтан өтті? Қауіпсіздік талаптары қалай түсіндірілді? Баламен бірге жұмыс істеуге қалай рұқсат берілген? Қазір компаниялар бұл мәселеге байланысты өз ұстанымдарын әзірлеп жатыр. Біз олардың жауабын күтіп отырмыз. Келесі аптада осы тақырып бойынша әңгімені жалғастырамыз, – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта жұмыспен қамту платформаларына азаматтарды тіркеу тәртібін біріздендіру мәселесі де қарастырылмақ.

Бұл оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Еңбек министрлігі жағдайға дер кезінде араласпады деген пікірлер айтылды. Алайда Асқарбек Ертаев мұндай сынмен келіспейтінін жеткізді.

Оның сөзінше, ведомство алғашқы ақпарат тараған сәттен бастап іске араласқан.

Біз бірден тиісті құрылымдармен байланысқа шықтық. Әйелді тауып, байланыс орнатуға белгілі бір уақыт қажет болды. Байланысқа шыққаннан кейін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жұмыс жүргіздік. Қандай жұмыс ұсынуға болады, қандай бос жұмыс орындары бар – бәрін қарастырдық. Оның жұбайына IT саласы бойынша еңбекақысы жоғары бірнеше вакансия ұсынылды, – деді министр.

Ведомство басшысы жұмыс іздеп үлкен қалаларға көшіп келетін жастарға мансап орталықтарының мүмкіндігін пайдалануға кеңес берді. Оның айтуынша, мұндай орталықтарда бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріліп, жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button