Қоғам

Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен жолдасы жол апатынан көз жұмды

Қаралы хабарды әріптесі Марғұлан Оспанов  жеткізді. 

Айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева жол-көлік оқиғасынан көз жұмды.

Қаралы хабарды әріптесі Марғұлан Оспанов  жеткізді.

«Бүгін айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева жол апатына түсіп, жұбайы Мырзабек Қасымов екеуі де қаза тапты», — деп жазды ол.

Марғұлан Оспановтың айтуынша, Салтанат Амантайқызы саналы ғұмырын мәдениет пен музей ісіне, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға арнаған.

Ол өз ісінің білікті маманы ретінде жоғары кәсібилігімен, жауапкершілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. Оның жетекшілігімен музейде көптеген маңызды жобалар, көрмелер мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылды.

Әріптестері арасында зор құрметке ие болған Салтанат Өтелбаева ашық мінезді, мейірімді әрі парасатты жан ретінде есте қалды.

«Оның адал еңбегі, туған елге деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымы кейінгі буынға өнеге болып қала береді. Отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазған ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button