«Үлкен жетілік» елдері Украинаның Еуропалық Одаққа өтуін қолдады
G7 елдері Украинаның Еуропалық Одаққа мүшелікке өту келіссөздерінің ресми түрде басталуын толық қолдайтындарын және бұл процеске ешқандай кедергі жоқтығын растады.

«Үлкен жетілік» елдерінің көшбасшылары Ресейге қарсы санкцияларды күшейтіп, Украинаға қолдауды жалғастыруға келісті, деп хабарлайды tiek.kz.
Францияда өткен саммит қорытындысында қатысушы мемлекеттер Ресейдің әскери экономикасына қысымды арттыру үшін мұнай және газ секторларына қатысты қосымша шектеу шараларын енгізетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар Украинаға әуе қорғанысы жүйелерін, тосқауыл қою құралдарын және алыс қашықтыққа арналған әскери құралдарды жеткізуді ұлғайту туралы келісімге келді.
АҚШ Президенті Дональд Трамп Ресейдің мұнай тасымалына қатысты жеңілдіктерді тоқтатып, санкциялық қысымды қайтадан қатаңдатуы мүмкін екенін аңғартты. Ол Мәскеуді бейбіт келісімге келуге мәжбүрлеу керектігін атап өтті.
Ұлыбритания тарапы Зеленскиймен кездесуде Ресейдің «көлеңкелі флотына», әскери сатып алу желілеріне және заңсыз қаржы жүйелеріне қарсы бағытталған 70 жаңа санкция енгізілгенін жариялады.
Сондай-ақ, G7 елдері Украинаға әуе қорғанысы жүйелерін (соның ішінде Patriot зымырандарын) және олардың ұстап алғыштарын жеткізуді жеделдетуге уаде берді.
Жиында Украина аумағында баллистикалық зымырандарға қарсы жүйелер мен қару-жарақтарды бірлесіп өндіру үшін арнайы әскери лицензиялар беру мүмкіндігі талқыланды. Бұл Украинаның ішкі әскери әлеуетін арттыруға жол ашады.
аммит қарсаңында Ресейдің жаппай соққыларынан Украинаның бірнеше ірі қаласы зардап шегіп, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіретін Киев-Печерск лаврасының Успен соборы өртенген болатын.
Франция Президенті Эммануэль Макрон Чернобыль АЭС-інің саркофагын қайта жөндеуді өз мойнына алатынын мәлімдеді.
Швейцария Киев-Печерск лаврасын қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін білдірді.
Серіктестер алдағы қыста Украинада отын (дизель, бензин, газ) тапшылығы туындаған жағдайда қолдау көрсетуге және энергия жүйесін физикалық тұрғыдан қорғауды қаржыландыруға уағдаласты.
Сондай-ақ, G7 елдері Украинаның Еуропалық Одаққа мүшелікке өту келіссөздерінің ресми түрде басталуын толық қолдайтындарын және бұл процеске ешқандай кедергі жоқтығын растады.



