Польшада Путиннің карикатурасын салған суретшіні өлтіріп кетті
Скрепецкий өзінің өлімінің алдында, 15 маусым күні таңертең, өзіне тұрақты түрде келіп жатқан қоқан-лоқылар мен қауіпті хабарламалардың скриншоттарын бөліскен.

Польшаның Бяла-Подляска қаласында Ресей президенті Путин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты өткір сынға алып, карикатура салған белгілі суретші Семён Скрепецкийді (шынайы есімі — Роберт Кузовков) атып кетті, деп хабарлайды tiek.kz.
Кавказский Узел интернет басылымының хабарлауынша, Роберт Кузовковты 15 маусым күні таңертең автотұрақта белгісіз біреу атып кеткен. Қылмыскер оқиға орнынан бой тасалап үлгерген. Польша полициясы бұл қылмысты тапсырыспен өлтіру деген нұсқа бойынша тергеп бастаған.
«Егер қылмыскер көшеде нақты бір адамға жақындап келіп оқ жаудырса, бұл оның кісі өлтіруді алдын ала жоспарлағанын көрсетеді. Дегенмен, қылмыстың нақты мотивтері әлі белгісіз», — дейді полиция.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар деген күдікпен кем дегенде екі адамды анықтады. Оның бірі — Беларусь азаматы. Ол Бяла-Подляскадағы Беларусь консулдығының маңында ұсталды. Тергеу мәліметінше, такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін бұл азамат қылмыскерді оқиға орнына жеткізген.
Роберт Кузовков Ресейдегі саяси қуғын-сүргін қаупіне байланысты 2021 жылы Польшаға қоныс аударып, босқын мәртебесін алған. 44 жастағы суретші Роберт Кузовков Башқұртстан тумасы. Ол әлеуметтік желілерде Семён Скрепецкий деген лақап атпен танымал болды. Суретші өз туындыларында Ресей президенті Владимир Путинді, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты, оның ұлы Адамды және «Ахмат» арнайы жасағының командирі Апти Алаудиновты аяусыз әжуалап, карикатуралар салған.
Өлімінен бір күн бұрын, 14 маусымда, ол Адам Қадыровқа Шешенстан батыры атағының қайта берілуіне байланысты кезекті келемеж суретін жариялаған болатын. Сондай-ақ, суретші YouTube және Telegram арналарында Шешенстан басшылығына бағытталған түрлі сатиралық видеолар жүктеп тұрған.
Скрепецкий өзінің өлімінің алдында, 15 маусым күні таңертең, өзіне тұрақты түрде келіп жатқан қоқан-лоқылар мен қауіпті хабарламалардың скриншоттарын бөліскен. Ондағы қоқан-лоқылар тікелей Кремль мен Шешенстан билігін сынағаны үшін жолданғаны айтылады.
Сарапшылар бұл оқиғаны Шешенстан режимін шетелде жүріп сынаған блогерлер мен белсенділерге жасалған кезекті қастандықтар сериясымен байланыстырады.
Осыған ұқсас оқиға 2020 жылы Австрияда да болған еді. Ол кезде Қадыровты сынаған шешен диаспорасының өкілі Мамихан Умаров («Веналық Анзор») жұмбақ жағдайда көз жұмған болатын.



