Қоғам
Тренд

«Шындықты айтқанымды мойындадым»: заңгер Әділетхан Молдаханның соты басталды

Алматыда «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айыппен қамауға алынған заңгер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды tiek.kz.

Журналист Руслан Өтепбай заңгердің сотына қатысып, тың ақпараттармен бөлісті. Айтуынша, Әділетханның үстінен 2 адам арызданған. Олар өтемақы үшін 10 млн теңге талап еткен көрінеді.

Журналистің айтуынша, өтемақы төленіп, қос тарап мәмілеге келсе, заңгер босауы мүмкін.

Әділетхан Молдахан наурыз айындағы Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін жалмаған сұмдық жол апатына қатысты әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған еді. Ол өз мәлімдемесінде апатқа жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары кінәлі болуы мүмкін екенін айтқан.

Содан кейін құқық қорғау органдары оның үстінен қылмыстық іс қозғап, заңгерді қамауға алды.

Іс Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаевтың арызы негізінде қозғалған.

Серік Шумаевтың өкілі, адвокат Жандос Палмановтың айтуынша, блогердің әрекеті оның сенім білдірушісінің кәсіби беделіне нұқсан келтірген.

Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымов та бұған дейін дәл осындай көлемде — 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығынын өндіру туралы талап арыз түсірген еді.

Тараптардың өтініштерін қарағаннан кейін мемлекеттік айыптаушы Ұлжан Әбдіраманова айыптау актісін жариялады. Құжатқа сәйкес, Әділетхан Молдахан әлеуметтік желідегі парақшасында аудиториясын арттыру мақсатында резонансты бейнероликтер жариялаған.

«Сотталушы өзінің бейнежазбасында ешқандай дәлелсіз, Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев ықпалды бизнес өкілдерінің балаларына қамқорлық (покровительство) жасап отыр деп мәлімдеген», — деді прокурор.

@ruslan__utepbaiӘділетханның сотына қатысып, өзімен сұхбаттасып қайттым. Белгілі заңгерге екі адам арыз жазған. Ол Ұзабаев пен Шумаев. Екеуі де моральдық өтемақы үшін 10 миллион сұрап отыр. Егер Әділетхан Молдахан өтемақыны өндіріп берсе, екі жақ заңгерді кешсе, онда Әділетхан бостандыққа шығуы мүмкін. Ал Ұзабаев пен Шумаев кешіре ме? Оны таяуда анықтаймыз! Әділетхан барша қазақ еліне сәлем жолдап, рақметін білдіруде!♬ оригинальный звук — ruslan_utepbai

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button