«Ақылға қонымсыз дүние емес пе?»: Ерлан Қошанов партияның шешімі туралы түсініктеме берді
Ұзақ тарихы бар Аманат партиясының жаңадан құрылған Әділет партиясына қосылуы қаншалықты қисынды? Бұл ақылға қонымсыз дүние емес пе?
Аманат партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселеге түсініктеме берді, деп хабарлайды tiek.kz.
Айтуынша, бұл әділетті әрі прогрессивті Қазақстанды құру жолында жинақталған тәжірибені, кадрлық және қоғамдық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беретін қадам.
«Мен олай ойламаймын. Бұл жерде екі партияның бірігуі жүріп жатыр, бұл ұжымдық шешім, тұтас партияның ұстанымы. Сондықтан олардың бірін үлкен, бірін кіші деп бөлуге болмайды. Екеуі де — бүгінгі күннің ықпалды саяси күштері. Біз ең алдымен осы саяси бірлікті айтуымыз керек. Ал «кім кімге қосылды» деген мәселе тек заңнамалық тұрғыдан рәсімдеуге қатысты екінші кезектегі шаруа. Меніңше, техникалық рәсімдеу негізгі мәселе емес. Ең бастысы — екі партияның күш біріктіруі, яғни саяси консолидация», — дейді Қошанов.



