Шұғыл! AMANAT партиясы тарайтын болды
«AMANAT» партиясының кезекті XXVI съезінде Әділет партиясымен бірігу туралы шешім қабылданды.

AMANAT пен Әділет бірігу мүмкін деген ақпарат ақыры рас болып шықты. Бүгін «AMANAT» партиясының кезекті XXVI съезінде Әділет партиясымен бірігу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды tiek.kz.
Аманаттықтар «AMANAT» партиясы «Әділет» партиясына қосылатыны туралы мәлімдеме жасап, қадам ел дамуының стратегиялық міндеттерін сәтті жүзеге асыру және Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды құру жолында жинақталған тәжірибені, кадрлық және қоғамдық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Осы азғантай ғана уақыт ішінде түбегейлі саяси реформалар жасалып, батыл шешімдер қабылданды. Мемлекеттік институттар толықтай жаңартылды. Билік пен байлықтың бір қолға шоғырлануына тосқауыл қойылды. Әрбір азамат өз жауапкершілігі мен қоғамдағы рөлін терең сезініп, мемлекеттің болашағына тікелей қатысы бар екенін түсіне бастады.
Отыз жылдан кейін, яғни 2022 жылы халықтық референдум өткізілді. Тура сол жылы әділ, таза әрі ашық өткен сайлауда халық өзі сенім артқан Президентін сайлады. Саяси бәсеке күшейіп, көп жылдан бері алғаш рет Парламентке алты партия өтті. Мұнымен қоса, Атом электр станциясының (АЭС) құрылысы бойынша да референдум ұйымдастырылды. Осы тарихи үдерістердің заңды жалғасы ретінде, жуырда ғана көктемде жаңа Конституция қабылданды.
Бүгінде біз жаңа даму бағытына қадам басып жатқанда, Мемлекет басшысы бірлік пен ынтымақтың маңызын айтып отырған кезде, өз тарихымыздың жаңа бетін ашуға да батылдық танытуымыз керек. Біздің партия әрдайым “Өзгеріс өзімізден басталады” қағидатын ұстанып келеді. Сондықтан қазір де уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай келетін қадам жасауымыз қажет. Осы жауапты сәтте біз күш біріктіріп, ресурстарымызды жаңа саяси “Әділет” партиясымен біріктіруіміз керек. Бұл ұжымдық шешім, тұтас партияның ұстанымы. Сөзімнің басында айтқандай, осында отырған бәріңіз де халықшыл, мемлекетшіл тұлғасыздар», — деді партия төрғасы Ерлан Қошанов.
Бұған дейін 6 маусым күні өткен саяси кеңестің кезектен тыс отырысында Amanat партиясы мен жаңадан құрылған «Әділет» партиясының ықтимал бірігу мәселесі қаралды деген ақпарат тараған еді. Бұл ақпаратты BES.media тілшісіне Мәжіліс депутаты, партия саяси кеңесі бюросының мүшесі Ерлан Саиров растаған.
Аталмыш дерек көзінің жазуынша, Саиров саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі президентті қолдайтын электоратты бөлшектемеу керек деген пікірде екенін айтқан. «Қазіргі уақытта саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі саяси бірігуді қолдап отыр. Мен мұндай шешім қабылданады деп ойлаймын. (…) Бұл съездің шешімі болады. Бірақ саяси кеңес мүшелерінің басым бөлігі президентшіл электоратты бөлуге болмайды деген ұстанымда. Сондықтан алдағы уақытта партиялардың бірігуі мүмкін», — деді Саиров BES.media тілшісіне.
Жуырда ғана тіркелген «Әділет» партиясының екінші съезі 14 маусымда Астанада өтеді. Партия төрағасы Айбек Дәдебай қол қойған қаулыға сәйкес, жиында партияның даму бағыттары мен ұйымдық мәселелері талқыланады деп күтіліп отыр. Әзірге оның күн тәртібі жарияланған жоқ.



