Экономика

Қазақстанның әуе нарығына FlyOne Armenia компаниясы келіп жатыр

Арменияның FlyOne Armenia әуе компаниясы Қазақстанға тұрақты рейстерді іске қосты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, халықаралық әуе қатынастарының географиясын кеңейту және рейстер санын арттыру жұмыстары аясында 12 маусымнан бастап Арменияның жаңа әуе тасымалдаушысы Қазақстан нарығына кірді.

Енді FlyOne Armenia әуе компаниясы Ереван – Алматы бағыты бойынша аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындайды.

Жаңа бағыттың ашылуы нәтижесінде Қазақстан мен Армения арасындағы тұрақты әуе рейстерінің саны аптасына 3-тен 5 рейске дейін көбейеді.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, жаңа әуе қатынасы екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени байланыстарды дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтардың сапарлау мүмкіндігін кеңейтіп, іскерлік қарым-қатынастың нығаюына ықпал етеді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстан халықаралық әуе бағыттарының санын кезең-кезеңімен арттырып келеді. Бұл өз кезегінде елдің көлік-логистикалық әлеуетін күшейтіп, туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button