Спорт

Қазақпарат Informsport.kz спорт порталын іске қосты

Жаңа Informsport.kz порталы Қазақстандағы, өңірдегі және әлемдегі спорт жаңалықтарын жедел жариялайтын ақпараттық ресурс болады. 

Қазақпарат Informsport.kz спорт порталын іске қосты. Жаңа портал спорт саласындағы мемлекеттік саясатты ақпараттық тұрғыдан қолдауға, сондай-ақ елдің спорт саласындағы өзекті мәселелер бойынша қоғамдық пікір алмасуды дамытуға бағытталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген тақырыптарға ерекше назар аударылады: бұқаралық және жасөспірімдер спортын дамыту, спорт федерацияларының тиімділігін арттыру және Олимпиадалық резерв мектептері мен колледждерін қолдау.

Порталдың негізгі ұстанымы — балалар-жасөспірімдер спортынан бастап жоғары жетістіктер спортына дейінгі спорт саласының барлық сегментін кәсіби және объективті түрде ақпараттандыру.

Жаңа портал жаңалықтар мен талдамалық материалдарды, сондай-ақ сарапшылар пікірін бір алаңға тоғыстыруды көздейді. Сайтта жаңалықтар, сұхбаттар, шолулар, мамандардың пікірлері, өңірлердегі спорттық бастамалар, үздік жобалар және жас спортшыларды даярлау туралы материалдар жарияланып тұрады.

Informsport-ты құру Kazinform-ның заманауи цифрлық медианы дамыту және оның тақырыптық бағыттарын кеңейту стратегиясының бөлігі. Жаңа портал спорт қауымдастығы, кәсіби спортшылар, жаттықтырушылар, сарапшылар және барлық спорт әуесқойлары үшін сенімді ақпарат көзіне айналуды мақсат етеді.

Жобаның іске қосылуы әлемдегі ең ауқымды спорттық оқиғалардың бірі — әлемнің миллиондаған жанкүйерлерін біріктіре отырып үш елде — АҚШ, Канада және Мексикада алғаш рет өтетін ФИФА әлем чемпионатымен тұспа-тұс келді. Informsport оқырмандарды турнир барысы, ұлттық құрамалардың өнер көрсетуі, маңызды матчтар және әлемдік футбол мерекесінің ең жарқын сәттері туралы жедел әрі сенімді ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Informsport — жеңіс тарихтары бастау алатын спорт алаңы.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button