«Шахмат олимпиадалық спорт түріне жатпайды»: министрлік Бибісараға қатысты дауға жауап берді
Биыл жарты жылдың ішінде федерация мен қордың ақшасын бірге санағанда оған 210 миллион теңге бөлініпті.

Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның президентке жолдаған үндеуінен кейін шұғыл брифинг өткізіп, арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды tiek.kz.
Спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, спортшының «жарыстарға өз ақшама дайындалдым» деген мәлімдемесі ресми деректерге сай келмейді. Бибісара Асаубаеваның спорттық дайындығы мен жарыстарға қатысу шығындары тұрақты түрде өтеліп келе жатыр.
«2025 жылы біз Бибісара Асаубаеваға дайындық барысында барлығы 160 миллионнан астам теңге бөлсек, биыл жарты жылдың ішінде федерация мен қордың ақшасын бірге санағанда оған 210 миллион теңге бөлінді. Сондықтан қазір оның жарысқа өз ақшама дайындалдым деген мәлімдемесі шындыққа сай келмейді», — деді Жарасбаев.
Қаражаттың бөліну құрылымы төмендегідей:
-
100 миллион теңге — биыл министрлік пен Спортты қолдау қорынан бөлінген қаражат;
-
80 миллион теңге — Шахмат федерациясы тарапынан бағытталған сома;
-
25 миллион теңге — өткен жылы әлем чемпионы атанғаны үшін берілген мемлекеттік сыйақы.
Серік Жарасбаевтың сөзінше, бұл сома жоғары деңгейде өнер көрсетуге толық жетеді.
Ал ІІ дәрежелі «Барыс» ордені шахматшыға 8 наурыз мерекесінде Ақордада табысталуы тиіс болған. Алайда спортшының жарыс кестесі тығыз болғандықтан, шараға қатыса алмаған. Министрлік марапат Бибісара елге оралған бойда міндетті түрде жеке табысталатынын жеткізді.
Брифинг барысында спортшының вице-министр шахматшының жалақысына қатысты мәселеге де тоқталды. Айтуынша, 2025 жылғы заңнамалық өзгерістерге байланысты шахмат олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілмейді. Соған орай тарифтік тор өзгеретіндіктен, спортшының жалақысы 1 миллионнан шамамен 300 мың теңгеге дейін қысқарған.
Былтыр Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойған болатын. Сол құжат аясында елімізде 46 басым спорт түрі бекітілді. Өкінішке қарай, бұл тізімге шахмат спорт түрі енбей қалған. Жалақының сәл төмендеуіне дәл осы ресми шешім себеп болған.
Бұған дейін шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, айлығы үш есеге қысқарғанын және федерация тарапынан тиісті қолдау болмағанын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған еді.



