Интеллект дәуірі

Қазақстанды қамтитын өңірде киберқауіптер 13 пайызға өсті: Mastercard алғашқы Cyber Pulse есебін ұсынды

Mastercard компаниясы Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка (EEMEA) өңіріндегі, соның ішінде Орталық Азия елдеріндегі киберқауіптер ландшафтының өзгеруін талдауға арналған алғашқы Cyber Pulse есебін ұсынды, деп хабарлады tiek.kz.

Есеп Mastercard Cyber Insights платформасының деректерін, RiskRecon шешімі негізінде ұйымдардың кибертұрақтылығын бағалау нәтижелерін, сондай-ақ Recorded Future платформасының аналитикасын біріктіреді. Бұл кешенді тәсіл жаңа киберқауіптерді бақылауға, тәуекел үлгілерін анықтауға және ұйымдардың цифрлық ортадағы қорғалу деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

Есепке сәйкес, соңғы бір жылда өңірдегі кибершабуылдар саны 13%-ға артқан. Шабуылдардың негізгі түрлері ретінде зиянды бағдарламалар, бопсалаушы бағдарламалар (ransomware) және электрондық пошта арқылы жүзеге асырылатын әлеуметтік инженерия әдістері аталады.

Өңірдегі киберинциденттердің ең үлкен үлесі мемлекеттік, технологиялық және қаржы секторларына тиесілі — бұл барлық тіркелген жағдайлардың 44%-ын құрайды. Сонымен қатар, киберқылмыскерлердің басты нысаналары бизнес-жүйелер, клиенттердің деректері және физикалық инфрақұрылым болып қалып отыр. Оларға барлық шабуылдардың 66%-ы бағытталған.

Зерттеу нәтижелері өңірдегі киберқауіптердің циклдік сипатқа ие екенін көрсетеді: белсенділіктің төмендеу кезеңдері күрт өсімдермен алмасып отырады. Бұл қауіптердің сызықтық өсуінен гөрі «өршу – төмендеу – жаңа толқын» моделінің қалыптасқанын аңғартады. Белсенділіктің шарықтау кезеңдерінің басым бөлігі ауқымды киберкампаниялармен немесе геосаяси оқиғалармен байланысты.

Әсіресе 2026 жылғы ақпан-сәуір айлары аралығындағы кезең ерекше назар аудартады. Таяу Шығыстағы геосаяси қақтығыс аясында киберқауіптер оның басталған алғашқы күнінде-ақ 198%-ға өскен. Бұл киберкеңістіктің геосаяси жағдайға жоғары дәрежеде тәуелді екенін және шиеленістің алғашқы күндерінде жедел әрекет етудің маңыздылығын растайды.

«Бүгінде кибертұрақтылық бизнес тұрақтылығы мен операциялық қызметтің үздіксіздігінің ажырамас бөлігіне айналды. Біздің алғашқы Cyber Pulse есебіміз киберқауіпсіздікке проактивті көзқарастың және жаңа қауіптерге үнемі дайын болудың маңызын көрсетеді», — деді Mastercard компаниясының EEMEA өңіріндегі Services бағытының атқарушы вице-президенті Селин Бахадирли.

Соңғы жылдардағы ең маңызды сын-қатерлердің бірі жеткізу тізбектері мен сыртқы контрагенттерге байланысты киберқауіптер болып отыр. Цифрлық экожүйелер күрделене түскен сайын, қаскөйлер ірі ұйымдарға қол жеткізу үшін шағын серіктестер мен жеткізушілердің осал тұстарын жиі пайдалана бастады. Мұндай жағдайда компаниялар өз жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, жеткізушілер мен серіктестерді қоса алғанда, бүкіл бизнес-экожүйе бойынша кибертәуекелдерді бағалауы қажет.

Айта кету керек, Қазақстан экономикасының жедел цифрлануы жағдайында киберқауіпсіздік саласындағы позицияларын жүйелі түрде нығайтып келеді. Соңғы жылдары ел ұлттық киберэкожүйенің жетілу деңгейін көрсететін халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін тұрақты түрде жақсартып келеді.

БҰҰ-ның Жаһандық киберқауіпсіздік индексіне (Global Cybersecurity Index) сәйкес, Қазақстан ұлттық киберқауіпсіздік жүйесі жоғары деңгейде дамыған елдердің қатарына кіреді. Индекстің соңғы нұсқаларында құқықтық база, институционалдық тұрақтылық және техникалық қорғаныс шараларын дамыту сияқты негізгі бағыттар бойынша оң динамика байқалады.

Mastercard компаниясында Cyber Pulse есебінің негізгі мақсаты ұйымдарға кибертәуекелдерді практикалық инсайттарға айналдыруға, операциялық тұрақтылықты нығайтуға және қауіпсіз цифрлық экономиканы қалыптастыруға көмектесу екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Mastercard-тың RiskRecon, CyberQuant және Cyber Insights сияқты шешімдері ұйымдарға кибертәуекелдер деңгейін бағалауға, қауіптердің ықтимал эволюциясын түсінуге және аналитикалық деректерді сенімділікті, тұрақтылықты және бизнестің үздіксіздігін нығайтуға бағытталған нақты іс-қимылдарға айналдыруға мүмкіндік береді.

Mastercard Cyber Pulse есебінің толық нұсқасы мына сілтеме бойынша қолжетімді

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button