«Гранттар санын ғана емес, оқу құнын өсіріп жатырмыз» — Саясат Нұрбек

Тілшіміз Мәжіліс кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен тілдесіп, биылғы оқу жылындағы гранттар саны, бөлінісі туралы тілдескен еді.
Министрдің айтуынша, елімізде былтырдан бері гранттар саны ұлғайып келеді.
«Былтырғымен салыстырғанда гранттар санын сол көлемде сақтап отырмыз. Бірақ білімнің қолжетімділігін кеңейту үшін «Келешек» бағдарламасы толыққанды іске қосылды. Осы бір жарым жыл ішінде 200 мыңға жуық шот ашылды. Сонымен қатар биылдан бастап сараланған гранттар моделі толығымен енгізіледі. Осылайша қолжетімділікті кезең-кезеңімен сақтап қаламыз.
Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға келсек, грант құнын ақырындап өсіріп жатырмыз. Дегенмен бұл жұмысты алдымен магистратура мен докторантурадан бастадық. Өйткені біз үшін қазір зерттеушілер даярлау өте маңызды. Сол себепті магистратура мен докторантурада гранттардың саны да, олардың құны да артып келеді», — дейді министр.
— Көктемгі су тасқыны кезінде су саласы мамандарының тапшылығы жиі сөз болды. Бұған дейін ресми ақпарат көздерінде бұл мамандықтарға бөлінген гранттардың көбі игерілмей, мемлекетке қайтатыны айтылатын. Былтырдан бері бұл тенденция өзгерді ме?
—Иә, бұл үдеріс өзгерді. Қазір ветеринария, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы және ирригация мамандықтары бойынша бөлінген гранттар былтыр 100 пайыз игерілді. Биылғы нәтижені де көреміз, қазір конкурс жалғасып жатыр.
— Бұған дейін игерілмей келген гранттардың қазір толық игерілуіне не әсер етті?
— Біріншіден, шәкіртақы көлемінің ұлғаюы, екіншіден, біз жүргізген ауқымды ақпараттық жұмыстар әсер етті.
— Сонда олардың шәкіртақысы қанша пайызға өсті?
— Басқа мамандықтармен салыстырғанда, бұл сала студенттерінің шәкіртақысы шамамен 15-20 пайызға жоғарылады.



