Мәдениет

Фестивальге толы жаз: Алматыда музыкалық маусым басталды

Алматы 2026 жылғы жазғы маусымның қарқынын нық сеніммен айқындап отыр. Жаздың алғашқы аптасы-ақ мыңдаған көрерменді жинаған бірнеше ірі мәдени іс-шарамен есте қалды, деп хабарлайды tiek.kz.

Маусымның алғашқы ірі оқиғаларының бірі халықаралық шаңғы трамплиндері кешені «Сұңқар» аумағында өткен Beu Fest Almaty фестивалі болды. Биыл фестиваль өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтті. Сахнада Ninety One, Қайрат Нұртас, Shiza, Ulukmanapo, Мырбек Атабеков және басқа да танымал әншілер өнер көрсетті.

Жазғы маусымның жаңа жобасы ретінде «Алатау» дәстүрлі өнер театры алаңында ашық аспан астында өткен ALMATY SUMMER FEST фестивалі ұйымдастырылды. Бұл бастама қала тұрғындары үшін музыкалық бағдарламалар мен интерактивті іс-шараларды біріктірді. Ашылу салтанатында көрермендер алдында Қайрат Нұртас, Луина, Айдана Меденова, ALFA тобы, Ұланғасыр Қами, Аман Ахмет, Arsenaleen, IGIGAI, Akbotiz және DJ Akhmetoff өнер көрсетті.

Жаңа жобаның басты ерекшелігі – оның Алатау ауданында өткізілуі. Қалалық мәдениет басқармасының мәліметінше, жаңа алаң аудан тұрғындарына ірі мәдени іс-шараларды өз үйлеріне жақын жерде тамашалауға мүмкіндік береді және отбасылық әрі жастар демалысының қосымша орталығына айналады. Жаз бойы әр сенбі сайын мұнда танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен Open Air форматындағы концерттер ұйымдастырылады.

Жаз басындағы тағы бір жарқын оқиға – этникалық және заманауи музыканы сүйетіндерді біріктірген қаланың ең ірі музыкалық фестивальдерінің бірі The Spirit of Tengri болды. Кештің арнайы қонағы ретінде Enigma жобасының аңызға айналған вокалисі Andru Donalds өнер көрсетті. Ашық аспан астындағы ерекше атмосфераға толы концерт жаз маусымының ең елеулі музыкалық оқиғаларының біріне айналды.

Алайда Алматыдағы фестивальдер легі енді ғана қарқын алып келеді. Жуырда қала биылғы жылдың ең көп күтілетін халықаралық шоуларының бірін қабылдайды. Аңызға айналған Cirque du Soleil Қазақстанға өзінің OVO қойылымымен қайта оралады. Көрермендерді жәндіктер әлеміне саяхат жасататын көркем қойылым, таңғажайып акробатикалық нөмірлер, жанды музыка және әсерлі костюмдер күтеді. Отбасылық аудиторияға арналған шоу маусымның басты мәдени оқиғаларының біріне айналмақ. Қойылымдар «Алматы Арена» кешенінде өтеді.

Айта кету керек, бүгінде Алматыдағы ірі мәдени іс-шаралар қаланың әртүрлі аудандарында ұйымдастырылып келеді. Мұндай тәсіл фестивальдер мен концерттердің тұрғындар үшін қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жергілікті инфрақұрылымның дамуына және жаңа қоғамдық тартылыс нүктелерінің қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, мазмұнды іс-шаралар күнтізбесі мегаполистің туристік тартымдылығын арттырып, Қазақстанның өзге өңірлері мен шетелден келетін қонақтар санын көбейтуге мүмкіндік береді.

Ауқымды мәдени іс-шараларды өткізу «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» жалпыұлттық бастамаларының міндеттерімен де үндеседі. Мұндай шаралар барысында аумақтарды абаттандыруға, қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, сондай-ақ қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл тұрғындар мен туристер үшін жайлы қалалық орта қалыптастырып, Алматының заманауи, қауіпсіз әрі қонақжай қала ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді.

Осылайша, Алматы өңірдің мәдени астанасы мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, тұрғындар мен қонақтарға мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынып, жаз мезгілін жарқын әсерлердің, әсем музыканың және ауқымды шоулардың маусымына айналдырып отыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button