Саясат

«Қыртпаш!» — өзінің жазбасы туралы сұрақ қойған журналистке депутат осылай жауап берді

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи сауал қойған журналистке дүрсе қоя берді. Tiek.kz тілшісі оған әлеуметтік желідегі жазбасы туралы нақтыламақ болған еді.

Жаңа үкімет жасақталып, бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловты Жоғары аудиторлық палатасына тағайындау туралы ақпарат шыққан соң депутат президентке сауал қойған болатын.

Бұл жігітке менің адами тұрғыда алабөтен дауым жоқ. Жақсы азамат деп естимін сыртынан.

Бірақ «жақсы азамат» деген баға жақсы менеджерлікке немесе жетік профессионализмге категориялық критерий бола алмайды! Сондықтан президент Тоқаевтың бұл таңдауына таңым бар. Профи-маман, принципшіл аудитор Годунованы Үкіметте үкідей үдірейе отырып, түк бітірмей кеткен отставникке алмастырудың логикасы тіптен түсініксіз.

Басқаға қайдам, мен үшін бұл тағайындаудан «ескі Қазақстанның» парафин иісі мүңкіп кеткендей сезіледі… Тіпті, Годунованы ауыстыру ауадай қажет болған жағдайда, оның орынына жаңа және бұрынмен былғанбаған жас кадр табу қиын ба еді?

Сіз бастаған «жаңа Қазақстанға» көмек еткім-ақ келеді, бірақ соңғы кезде көкейде кептеліп жүрген бір сұрағым бар: осы біз қайда бет алып барамыз, президент мырза?!

Бұл жазбаны бір оқыған адам «Ермұрат Бәпидің президент саясатына көңілі толмайды екен»- деп ойлап қалуы мүмкін. Алайда, олай емес екен. Депутат бар болғаны бір адамның тағайындалуына байланысты пікірін жазғанын айтып отыр. Президенттің мәдениеті нық шешімдер қабылдауға кедергі екенін алға тартты. Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаевты «Ескі Қазақстанның ықпалынан шықпады»-деген долбарын да жасырмады.

Депутаттың толық жауабы төмендегі видеода

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button