Арменияда парламент сайлауы өтіп жатыр

Бүгін Армения азаматтары жаңа парламентті сайлау үшін дауыс беруде. Сайлау қорытындысы бойынша елдің жаңа Үкіметі жасақталады. Қазіргі премьер-министр Никол Пашинян билікте қалуды және қатарынан үшінші рет жеңіске жетуді көздейді.
Сайлауалды науқандағы басты тақырыптардың бірі Арменияның Ресеймен қарым-қатынасы және елдің Еуропалық Одақпен жақындасу мәселесі. Сарапшылардың пікірінше, бұл сайлау Арменияның алдағы ондаған жылдағы сыртқы саяси бағытын айқындауы мүмкін.
Пашинян үкіметі соңғы жылдары Еуропамен ынтымақтастықты күшейтуге ұмтылып келеді. Ал Ресей мұндай бағыттың салдары болуы мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен. Мамыр айында Ереванда ЕО–Армения саммиті өтіп, оған Франция президенті Эммануэль Макрон, Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас және Украина президенті Владимир Зеленский қатысты. Дегенмен әзірге Арменияның Еуропалық Одаққа мүшелігі туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ.
Қазіргі уақытта тараптар Армения азаматтары үшін Еуропа елдеріне визасыз сапар мүмкіндігін талқылап жатыр. Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Алдын ала нәтижелер ертең жариялануы мүмкін.



