Қоғам

«200 теңге төлеу — әділетсіздік»: Сарапшы LRT қызметіне Дубай мен Стамбул жүйесін енгізуді талап етті

Өзін экономика сарапшысы деп таныстыратын Олжас Байділдинов бұған дейін де қоғамда үлкен резонанс тудырған даулы ұсыныстарымен де танымал болған.

Астанада іске қосылған LRT-да әділ тариф қандай болуы керек? Экономикалық сарапшы Олжас Байділдинов Qaimaq YouTube-арнасына берген сұхбатында елорданың қоғамдық көлігіндегі қазіргі бірыңғай төлем жүйесін шұғыл түрде өзгерту қажет екенін айтты, деп хабарлады tiek.kz.

Сарапшының айтуынша, төлем жүйесіне Дубай мен Стамбул тәжірибесін енгізу керек.

Олжас Байділдиновтің пікірінше, «LRT-дағы төлем жүйесі әлемдік мегаполистердегідей автономды түрде жұмыс істеуі керек. Жолаушы картаны кіре берісте де, шыға берісте де басып, тек жүріп өткен қашықтығы үшін ғана төлеуі тиіс. Қазіргі төлем жүйе — әділетсіз. Яғни бүкіл қаланы басып өтетін (вокзалдан әуежайға дейін) адам мен 1-2 аялдама ғана жүретін жолаушының бірдей 200 теңге төлеуі нағыз абсурд», — дейді ол.

Осылай деп атап өткен ол LRT- желісіне жаңа тарифтік механизм енгізуді ұсынған. «Егер мен 1-2 аялдама жүрсем, шартты түрде 100 теңге төлеуім керек. Өз кезегінде бұл әділетті шешім болады. Ал сол жағалаудан оң жағалауға баратындар үшін мүлдем басқа тариф болуы тиіс. Әрі ол арзан болмауы керек», — дейді сарапшы.

Өзін экономика сарапшысы деп таныстыратын Олжас Байділдинов бұған дейін де қоғамда үлкен резонанс тудырған даулы ұсыныстарымен де танымал болған еді. Желі қолданушылары оны «халықтың шынайы тұрмысынан алшақ сарапшы» деп айыптайды. Әсіресе, оның нан бағасы, қоғамдық көлік тарифі және такси қызметі туралы айтқандары әлеуметтік желілерде үлкен хейт толқынын тудырды.

Байділдиновтің ең көп талқыланған мәлімдемелерінің бірі — Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда қоғамдық көлік қызметін пайдалану құнын 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысы.

Желі қолданушылары бұл ұсынысқа қатты ашуланды. Көптеген адамдар: «Айлығы 85-100 мың теңге болатын халық автобусқа күніне қалай 1000 теңге құртады?», «Халықтың қалтасын ойламайтын бұл қандай эксперт?» деп наразылық білдірген.

2022 жылы ол сұйытылған газ бағасының өсуіне қатысты пікір білдіріп, «егер газ қымбат немесе тапшы болса, қоғамдық көлік қызметін пайдаланыңдар немесе жаяу жүріңдер» деп ұсыныс айтқан болатын. Ол бұл пікірін газ бағасының төмендігі өндіруші зауыттарға шығын әкелетінімен және саланы дамыту үшін баға нарықтық деңгейге сай болуы керектігімен түсіндірді.

Оның бұл сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, халық тарапынан үлкен наразылық тудырды. Көп ұзамай ол Энергетика министрлігі жанындағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы қызметінен кетті.

Сол секілді оның ең негізгі және тұрақты түрде айтатын тақырыбы – жағармай мәселесі. Айтуынша, Қазақстанда бензин мен дизель тым арзан, бағаны өсіру керек.

Сонымен қатар, Ккоммуналдық қызметтер (жарық, су, жылу) тарифін өсіру,мемлекеттік субсидиялар мен әлеуметтік көмектерді тоқтату туралы даулы мәлімдеме жасағаны тағы бар. Бұл пікір де әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен шағын бизнес өкілдерінің наразылығын тудырған.

Айтпақшы, бір жылдары мемлекет тарапынан 4%-бен берілетін жеңілдікті автонесие бағдарламасын да  қатаң сынға алып, әділетсіз шешім екенін айтқан.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от QAIMAQ (@qaimaqkaz)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button