Саясат
Тренд

AMANAT пен Әділет бірігу мүмкін

6 маусым күні өткен саяси кеңестің кезектен тыс отырысында Amanat партиясы мен жаңадан құрылған «Әділет» партиясының ықтимал бірігу мәселесі қаралды деген ақпарат тарады.

Бұл ақпаратты BES.media тілшісіне Мәжіліс депутаты, партия саяси кеңесі бюросының мүшесі Ерлан Саиров растаған.

Аталмыш дерек көзінің жазуынша, Саиров саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі президентті қолдайтын электоратты бөлшектемеу керек деген пікірде екенін айтқан.

«Қазіргі уақытта саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі саяси бірігуді қолдап отыр. Мен мұндай шешім қабылданады деп ойлаймын. (…) Бұл съездің шешімі болады. Бірақ саяси кеңес мүшелерінің басым бөлігі президентшіл электоратты бөлуге болмайды деген ұстанымда. Сондықтан алдағы уақытта партиялардың бірігуі мүмкін», — деді Саиров BES.media тілшісіне.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ресми түрде сегіз саяси партия тіркелген: «Amanat», «Ақ жол», ЖСДП (ОСДП), «Respublica», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» және «Әділет».

Жаңа «Әділет» саяси партиясының құрылатыны туралы 2026 жылдың 15 сәуірінде белгілі болған еді. Келесі күні-ақ оның бастамашыл тобы мемлекеттік тіркеуден өту үшін Әділет министрлігіне құжаттарын жіберді.

Партияны құрушылар елдегі саяси жаңғыруды, жаңартылған Конституцияның ережелерін, заң үстемдігі принциптерін және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуді қолдайтындарын мәлімдеді.

Партия жетекшісі болып бұған дейін Президент Әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай тағайындалды. Саяси кеңестің құрамына «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, кәсіпкер Андрей Лаврентьев, саясаттанушы Марат Шибұтов, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы және «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры Ренат Бектұров кірді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button