Сұқбат
Тренд

Мұрат Әбенов: «Бір нотариус екі күнде 36 мың адамды қарызгер қылған»

Қазақстанда 9,5 миллион адамның банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) алдында проблемалық қарызы бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Tiek YouTube арнасына берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді. Халық қалаулысы несие дауына қатысты сот орындаушылары мен нотариустардың заңсыз әрекеттерін, сондай-ақ коллекторлардың құпияларын әшкереледі.

Шот бұғаттаудың зардабы

Депутаттың мәліметінше, қарызын 90 күннен астам кешіктірген 9,5 миллион адамның бүгінде 1,5 миллионының есепшоты бұғатталған. Осының салдарынан қарапайым халық тұрақты жұмысқа орналаса алмай, жалақысын толық ала алмай, күнкөріс тауқыметін тартып отыр. Адамдар заңды толық білмегендіктен, шоттың жабылуын заңды құбылыс деп қабылдауға мәжбүр.

Сотсыз кесілген үкім немесе «Нотариустардың нонсенсі»

Қарыз өндіру ісінің 90%-ы сотқа жетпей, банктер мен коллекторлардың оңай жолды таңдауымен – нотариустың атқарушылық жазбасы арқылы шешіледі. Халық «сот орындаушысы» деген сөзден қорқып, мұны соттың үкімі екен деп қателеседі.

«Бір нотариус екі күннің ішінде 36 000 адамды кінәлі деп тауып, шешім шығарған. Бұл дегеніміз екі секундта бір шешім қабылданды деген сөз. Ол жерде келісімшарт, төлем графигі, қарыз қалдығы сияқты құжаттар мүлде тексерілмеген», – деп атап өтті М.Әбенов.

Заң бойынша, нотариус шешім шығармас бұрын несие берушіден келісімшартты, бұзылған төлем графигін және борышкермен жүргізілген жұмыстардың (жеңілдету, үгіттеу) есебін талап етуі тиіс.

Коллекторлармен қалай сөйлесу керек?

Сұхбат барысында коллекторлық агенттіктердің жұмыс алгоритмі де сөз болды. Депутаттың айтуынша, коллекторлар банктерден халықтың проблемалық несиесін әлдеқайда арзан бағаға сатып алады. Мысалы, 1 миллион теңгелік қарызды 500 мың теңгеге алуы мүмкін. Сондықтан азаматтар коллектормен келісе отырып, қарыз сомасын төмендетуге толық құқылы.

Оған қоса, коллекторлар борышкерді қыспаққа алмас бұрын мынадай заңды қадамдар жасауға міндетті:

  • Қарызды банктен сатып алғаны туралы жазбаша хабарлама беру;

  • Қарызды өтеудің жаңа графигін ұсыну;

  • Борышкермен медиация (келісімге келу) жолдарын қарастыру және қарызды мойындайтыны туралы құжатқа қол қойдыру.

Егер азаматтар коллектормен тікелей келісімшартқа отырмаса, қарызды толық мойындамауға да құқығы бар екені айтылды.

Электрондық қолтаңбаны қолды ету

Тағы бір өзекті мәселе – Цифрлық кодекстің бұзылуы. Кейбір қаржы ұйымдары азаматтардың рұқсатынсыз, олардың орнына электрондық құжаттарға өздері қол қойып жіберетін заңсыздықтар кездеседі.

Депутаттың кеңесі: Нотариустың шығарған шешіміне (атқарушылық жазбасына) келіспеген жағдайда, азаматтар үрейленбеуі керек. Нотариустың өзіне қарсылық хат жазып немесе сотқа жүгіну арқылы шешімнің күшін жою сот шешімін бұзғаннан гөрі әлдеқайда оңай.

Сұхбаттың толық нұсқасын, несие қақпанынан құтылудың заңды жолдары мен маңызды сұрақтардың жауабын Tiek YouTube арнасынан көре аласыздар.

Сұхбаттың толық видеосы:

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button