
Қазақстан Каспий теңізі арқылы контейнер тасымалдайтын екі жаңа кеме сатып алатын болды, деп хабарлайды tiek.kz.
Кемелер Бакудегі кеме жасау зауытында салынып жатыр. Алғашқы кеменің құрылысы ресми түрде басталды. Жаңа кемелер контейнермен жеткізілетін жүктерді тасымалдауға арналған. Олар Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалындағы мүмкіндігін кеңейтеді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, кемелер іске қосылғаннан кейін Каспий арқылы жүк жеткізу көлемі артып, тасымал тиімділігі жақсарады. Сондай-ақ Қазақстан темір жолы тағы екі құрғақ жүк кемесін салу жобасын қолға алған. Олар 2028 жылы жеткізіледі.
Жалпы Қазақстан алдағы жылдары сауда флотын күшейтіп, Каспийдегі жүк тасымалын ұлғайтуды көздеп отыр.


