Экономика

Бурабай халықаралық туризм орталығына айналмақ: Әлемдік брендтер және 200 ірі іс-шара

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың 2026 жылғы 3 маусымдағы жұмыс сапары барысында Бурабай курорттық аймағын дамытудың жаңа ауқымды жобалары таныстырылды. Енді Қазақстанның інжу-маржаны тек қайталанбас табиғатымен ғана емес, халықаралық деңгейдегі жоғары сапалы туристік инфрақұрылымымен де әлем назарын аударатын болады.

Әлемдік қонақүй брендтері Бурабайға келеді

Аймақтың туристік әлеуетін арттыру мақсатында әлемге әйгілі қонақүй желілері Бурабайға ірі көлемде инвестиция құймақ. Жақын арада бой көтеретін жаңа жобалар қатарында:

  • «Holiday Inn Resort Burabai»: 4 жұлдызды қонақүй кешені (инвестиция көлемі – 20 млрд теңге).

  • «Dolce by Wyndham»: 5 жұлдызды қонақүй (инвестиция көлемі – 11,8 млрд теңге).

  • «Radisson Blu Burabay»: 5 жұлдызды қонақүй кешені (инвестиция көлемі – 4 млрд теңге).

  • «Mövenpick Hotels and Resorts»: Қонақүй кешенінің құрылысы (инвестиция көлемі – 1,9 млрд теңге).

Шетелдік инвесторлардан бөлек, отандық бизнес өкілдері де белсенділік танытуда. Соның ішінде «Pana Group» компаниясы заманауи визит-орталық пен этно-кафе салып, тарихи «Абылай хан» қонақүйін қайта жаңғырту жобаларын іске асырады.

Астанадан Бурабайға: Іскерлік туризмнің жаңа ошағы

Бурабайды тек демалыс орны емес, іскерлік туризм орталығына айналдыру – басты стратегиялық мақсаттардың бірі. Президенттің арнайы тапсырмасымен Астана қаласынан 200-ге жуық ірі іс-шара (конгресс, симпозиум, форумдар) осында көшірілмек.

Бұл ауқымды жоспарды жүзеге асыру үшін өңірде жаңа конгресс-холл жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда мыңдаған қонақтарды жоғары деңгейде қабылдайтын кешендер мен мәдени орталықтардың инфрақұрылымы қызу дайындалуда.

Экономикалық серпіліс және жаңа жұмыс орындары

Туризмнің дамуы өңір экономикасына айтарлықтай оң әсерін тигізіп үлгерген. Нақты сандарға сүйенсек, 2025 жылы өңірге туристік қызметтен 5,0 млрд теңге салық түсіп, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 11%-ға өскен. Бұл бағыттағы жұмыстар жайлы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов былай деп атап өтті:

Марат Ахметжанов
Фото: tiek.kz

«Әлемдік танымал компаниялар мен қонақүйлердің келуі – Бурабайдың болашағына деген үлкен сенім. Бұл жердегі мақсат – туристердің тек келіп, табиғатты көріп кетуі емес. Біз демалысты мәдениетімізбен ұштастырып, тарихи жерлерімізді, өнеріміз бен ұлттық тағамымызды ұсынуымыз керек. Бұл – ішкі және сырттан келетін туристерге бағытталған сапалы туризм. Осы үлкен жобалар мен инвестициялардың арқасында екі жылдың ішінде Бурабайда салық түсімі үш есе артты. Ол қосымша жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге тікелей ықпал етуде. Жобалар сәтті іске асып жатыр, бірақ алда әлі де үлкен жоспарларымыз бар».

Тартылып жатқан ондаған миллиард теңгелік инвестициялар Бурабайдың тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның басты туристік хабына айналуына толық негіз қалап отыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button