Денсаулық
Тренд

«Онкологияны жеңдік»: ғалымдар ракқа қарсы дәрі жасап шығарды

Жүргізілген емнің нәтижесінде 15 науқастың ісік жасушалары толығымен жойылып, тағы 28 науқаста қатерлі ісік көлемі кішірейген.

Әлемдік онкология саласында сенсациялық жаңалық пайда болды. Халықаралық деңгейде жүргізілген клиникалық сынақтардың нәтижесінде, бұған дейінгі дәстүрлі ем түрлеріне бой бермеген қатерлі ісік науқастарының бойынан оң динамика байқалып, кейбірінде ісік жасушалары толығымен жойылып кеткен. Ғалымдар бұл оқиғаны соңғы жылдардағы ең ірі медициналық серпілістердің бірі деп бағалауда, деп хабарлайды tiek.kz.

Британдық беделді The Guardian басылымының хабарлауынша, әлемнің 11 елінде бір мезгілде сыналған жаңа антинеопластикалық препарат онкологиялық аурулардың ең агрессивті түрлерімен күресуде жоғары тиімділік көрсеткен. Зерттеу шеңберінде ғалымдар негізгі назарды емделуі қиын және стандартты терапияға төзімді болып кеткен пациенттер тобына аударды.

Клиникалық сынақтар барысында онкологтар «Амивантамаб» (Amivantamab) деп аталатын мақсатты (таргетті) емдік затты қолданған. Тәжірибеге бас және мойын аумағының қатерлі ісігіне шалдыққан 102 науқас қатысты. Бұл пациенттердің басты ерекшелігі — олардың ағзасы бұған дейін қолданылған химиялық терапия мен иммундық терапияның ешбір түріне жауап бермеген, яғни медицина тілімен айтқанда, ауру рефрактерлі (төзімді) кезеңге өткен болатын.

Жүргізілген емнің нәтижесінде 15 науқастың ісік жасушалары толығымен жойылып, аурудың толық ремиссиясы тіркелген.

Тағы 28 науқаста қатерлі ісік көлемі мен белсенділігі айтарлықтай кішірейіп, ауру деңгейі бақылауға алынды.

Сонымен қатар, өкпе қатерлі ісігіне шалдыққан пациенттер арасында да дәл осындай позитивті клиникалық нәтижелер мен ісіктің кішірею үрдісі байқалған.

Лондондағы Онкологиялық зерттеулер институтының (ICR) профессоры Кевин Харрингтон бұл көрсеткіштерді бұрын-соңды болмаған нәтиже деп атады. Оның айтуынша, емдеу мүмкіндігі өте шектеулі және өмір сүру болжамы төмен пациенттер тобында мұндай күшті әсердің байқалуы — ғылым үшін үлкен олжа.

«Емдеу мүмкіндігі таусылды деп есептелген, химиотерапия мен иммунотерапияға мүлдем төзімді болып кеткен пациенттер тобында мұндай күшті клиникалық әсердің байқалуы — ерекше жетістік. Бұл бізге болашаққа үлкен үмітпен қарауға мүмкіндік береді», — дейді профессор Харрингтон.

Препараттың басты ерекшелігі неде?

«Амивантамаб» препараты АҚШ пен Еуропалық Одақ аумағында 2021 жылдан бері өкпенің қатерлі ісігінің кейбір түрлерін емдеу үшін ресми қолданысқа мақұлданған болатын. Алайда, оның бас пен мойын ісіктеріне жасаған жаңа шипасы препараттың әлеуеті әлдеқайда кең екенін көрсетті.

Мамандардың мәліметінше, бұл дәрі әсіресе адам папиллома вирусымен (HPV) байланысты емес ісіктерге қарсы өте тиімді. Вирусқа қатысы жоқ қатерлі ісіктер әдетте дәстүрлі емге өте нашар бағынатыны белгілі, сондықтан бұл жаңалық аталған топтағы науқастар үшін жаңа өмірлік мүмкіндік болып табылады.

Тағы бір маңызды жайт — бұл терапияның клиникалық қолданылу ыңғайлылығында. Тері астына жасалатын инъекция түріндегі бұл ем пациенттердің уақытын үнемдеп, ауруханада ұзақ отыру қажеттілігін азайтады.

Қорыта айтқанда, 11 елде жүргізілген бұл зерттеу онкологиялық аурулардың ең ауыр және химиотерапияға көнбейтін формаларын да емдеуге болатынын дәлелдеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы зерттеулер ауқымы кеңейіп, препарат кеңірек қолданысқа енгізілсе, әлем бойынша мыңдаған жанның өмірін арашалап қалуға жол ашылмақ.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button