
Тоқаев ел тұрғындарын Балаларды қорғау күнімен құттықтады.
Президенттің айтуынша, балалардың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.
Мемлекет басшысы бақытты балалық шақтың негізі – берекелі отбасы екенін атап өтіп, отбасы құндылықтарын қорғау Конституцияда бекітілген маңызды қағидалардың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Тоқаев қазақстандық балалардың білім, спорт және өнер салаларында жоғары жетістіктерге жетіп жүргенін атап өтті.
Президент өз бастамасымен жүзеге асқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында әрбір балаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын еске салды. Бұдан бөлек, биыл елімізде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырыла бастағанын айтты.
«Жас буынды қолдау әрдайым Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болады», – деді Мемлекет басшысы.



