«Қолдаудың орнына қысым көрсетеді»: Ангелина Лукас айлық жайлы айтқан Шайдоровқа қолдау білдірді

Қазақстанның танымал боксшысы Ангелина Лукас Олимпиада чемпионы айлық мәселесін айтқан Михаил Шайдоровқа қолдау білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Іnstagram-парақшасында боксшы осы мәселеге қатысты жазба жариялады.
«Михаил Шайдоровтың бес айға жуық уақыттан бері жалақы алмағаны туралы жағдайды оқыдым. Бұл мені таңғалдырмайды. Менің де басымнан Қазақстан құрамасында дәл осындай жағдай өткен. Құраманың көшбасшыларының бірі болсам да, маған небәрі 50 мың теңге төлейтін.
Ең қорқыныштысы – спортшы шындықты айтқанда немесе жүйеге қарамастан нәтиже көрсеткенде, қолдаудың орнына қысым, қудалау және тапсырыспен жазылған мақалалар басталады. Мен мұны өз басымнан өткердім: мен туралы ақпараттарды ортақ чаттарға таратып, жаппай шабуыл жасауға үндеген», – деді Лукас.
Оның сөзінше, боксшының жетістіктері туралы айтылмай, табыстары әдейі төмендетіліп көрсетілген. Сондай-ақ боксшы туризм және спорт министрлігінің басшысымен кездескенін, сол кездесуден кейін оған қаржылық қолдау көрсетіледі деп уәде берілгенін, алайда жағдай өзгермегенін айтты.
«Ештеңе өзгерген жоқ. Тіпті ақпараттық тұрғыда да қолдаудың орнына мені одан әрі тұқырта берді. Кейбір БАҚ қолдамақ түгілі, керісінше менің еңбегімді әдейі төмендетіп, тарихи жетістіктерімді жасыруға тырысты. Президент менің жеңістерім мен нәтижелерім туралы білмесін дегендей әсер қалдырды. Спорт министрлігінде кәсіби спортқа қолдау көрсетілмейді дейді. Онда неге Жәнібек Әлімханұлы президентпен кездесті? Неге мемлекет басшысы Шавкат Рахмоновқа пәтер сыйлады?» – деді Лукас.
Бұған дейін мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Миландағы Олимпиада ойындарындағы жеңісінен бері жалақы алмағанын және дәрігерсіз қалғанын айтқан болатын. Оның мәлімдемесіне Қазақстан туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы пікір білдірді.



