Әлем

Румынияға Ресей дроны құлады

29 мамырға қараған түні Румыния Галац қаласындағы 10 қабатты тұрғын үйдің шатырына «Шахед» дроны соғылды. Бұл кезде Ресейдің Украинадағы Одесса облысына жасаған жаппай дрондық шабуылы болып жатқан, деп хабарлайды tiek.kz.

Бұл — Ресей дронының НАТО мүшесі елдің аумағындағы бейбіт тұрғындар үйіне тікелей тиіп, адамдардың жарақат алуына әкеп соққан алғашқы расталған жағдай.

Румыния Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, сағат 01:19-да радиолокациялық жүйелер Украина шекарасынан Дунай өзені арқылы өткен ұшу нысанын анықтады. Қауіп деңгейі жоғары болғандықтан, Фетешти әуе базасынан екі F-16 жойғыш ұшағы мен бір IAR 330 SOCAT тікұшағы шұғыл көтерілді. Ұшқыштарға нысананы атып түсіруге рұқсат берілгенімен, дрон қауіпті аймаққа кіріп үлгерген.

Жарылыстан жоғарғы қабаттардың терезелерін ұшырып, шатыр өртенген. Төтенше жағдайлар қызметі (IGSU) мен өрт сөндірушілер оқиға орнына тез жетіп, 70-тен астам тұрғынды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Жарылыс салдарынан екі адам жеңіл жарақаттармен (күйік пен дене жарақаттары) ауруханаға жатқызылды, тағы екі адам қатты психологиялық шок алып, медициналық көмек көрсетілген. Қаза тапқандар жоқ.

Оқиға орны қоршауға алынып, Румыния барлау қызметі (SRI) мен әскери прокурорлар тергеу жүргізуде. Дрон сынықтары сараптамаға жіберілді.Румыния билігі оқиғаны халықаралық құқықты және егемен елдің әуе кеңістігін өрескел бұзу деп бағалады. Тергеу нәтижелері жақын арада жарияланады деп күтілуде.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button