Заң үстемдігі

«Өзімді кешіре алмаймын»: Үш адамның өліміне кінәлі деп айыпталған Zeekr жүргізушісі алқабилерден бас тартты

Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты сот басталды.

Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта өткен алдын ала тыңдауда прокурор айыптау нұсқасын жариялады.

Тергеу мәліметінше, 1993 жылы туған Александр Пак Zeekr 009 көлігімен әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жол қозғалысы ережесін бұзған. Айыптау тарабы жүргізуші жол жағдайын ескермей, көлікті толық бақылауда ұстамағанын және қауіпті жағдайда жылдамдықты төмендету шараларын қабылдамағанын мәлімдеді.

Прокурордың айтуынша, көлік рұқсат етілген жылдамдықтан сағатына 80 шақырымнан артық асқан. Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болған. Апат салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы қыз көз жұмды. Сотта Александр Пак қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрап, заң алдында жауап беруге дайын екенін айтты.

Сот отырысында ол өзінің кінәсін мойындап, заң аясында жаза өтеуге дайын екенін мәлімдеді. «Қаншалықты ауыр қайғы әкелгенімді түсінемін. Жауапкершіліктен қашпаймын және заңға сәйкес жазамды өтеуім керек», – деді Александр Пак. Сотталушы алқабилер сотынан бас тартты.

Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігінің жүргізушісі апат кезінде жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button