«Бір аптада екі өлім»: депутат жекеменшік клиникаларды тексеруге шақырды

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов клиникалар мен зертханаларға тексеріс жүргізу мәселесін көтерді, деп хабарлайды tiek.kz.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін жекеменшік медициналық ұйымдардың бір бөлігінде толық тексеріс жүргізуге Кәсіпкерлік кодексіндегі шектеулер кедергі болған.
«Бізде кейбір бай адамдар медициналық қызметпен айналысып, әртүрлі зертханалар ашқан. Әрине, мұндай ұйымдарды тексеру оларға тиімді емес. Бірақ өткен жылы біз оларды тексеруге қайта рұқсат бердік. Бұған дейін, мысалы, жаңа туған нәресте көз жұмған бір жағдай болған. Алайда Кәсіпкерлік кодекстегі шектеулерге байланысты тексеріс жүргізу мүмкін болмаған. Енді бұл шектеулер алынып тасталды, сондықтан қатаң тексеріс қажет. Менің ойымша, тек техникалық емес, санитарлық бақылау да болуы керек», – деді Әбенов.
Депутаттың пікірінше, әсіресе препараттардың сертификатталуын назар салып қарау керек.
«Барлық препараттарға сертификат болуы өте маңызды. Менің ойымша, олардың жартысында жергілікті сертификат болмауы мүмкін. Бізде кейде сертификат беріп үлгермей жатады. Бір апта ішінде болған екі өлім жағдайы бұл салада үлкен ретсіздік бар екенін көрсетеді», – дейді депутат.



