«АЭС құрылысын бастауға рұқсат берілген жоқ» — Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Елімізде Атом электр станциясының құрылысын бастауға әлі күнге барлық рұқсат берілмеген. Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Жомарт Әлиевтің айтуынша, АЭС-тің қоршаған ортаға әсері әлі зерттеліп біткен жоқ, деп хабарлайды tiek.kz.
Жомарт Әлиевтің айтуынша, қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әлі толық әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен жоқ. Одан бөлек, ең маңызды кезең — Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) қорытындысы.
«Осы құжаттардың барлығы мұқият тексеріліп, мақұлданғаннан кейін ғана құрылысқа ресми рұқсат берілмек. Егер құжаттар талапқа сай болмаса немесе қауіп анықталса, рұқсат мүлдем берілмейді», — деп атап өтті Жомарт Әлиев.
Сондай-ақ ол Атом энергетикасы агенттігінің бекітілген қатаң ережелері бар екенін айтады. Яғни мұндай стратегиялық нысандардың айналасында арнайы санитарлық-қорғаныс аймағы құрылуы тиіс.
«Ресми талап бойынша, нақты ядролық энергетикалық қондырғы (реактор) орналасқан нүктеден бастап, кем дегенде 1 шақырым (минимум) радиуста ешқандай тұрғын үй немесе азаматтық нысан болмауы керек.
Егер жоба бекітіліп, белгіленген осы 1 шақырымдық қорғаныс аймағының ішіне қандай да бір елді мекен немесе тұрғын үйлер ілініп кететін болса, мемлекет заң бойынша ол тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге міндетті. Қандай да бір кері әсер анықталса, жоба тоқтатылады», — дейді ол.
Бұған дейін Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталатыны айтылған еді. Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясовтың айтуынша, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапары кезінде елдегі алғашқы АЭС-ті салуға қатысты екі үкіметаралық келісімге қол қойылуы мүмкін.



