Алаш арыстарының мойнына мінген қыздар жауапқа тартылды

Астанадағы Қаламгерлер аллеясында Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып суретке түскен бойжеткен ұсталып, іс қозғалды, деп хабарлайды tiek.kz.
Тәртіп сақшылары бейнежазбадағы қыздың жеке басын анықтап, оны бірден аудандық басқармаға жеткізген.
«Әлеуметтік желілерде қыздың фотосуретке түсу барысында Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып, мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқаны бейнеленген видео тарады. Полиция қызметкерлері 18 жастағы Астана тұрғынын анықтап, Байқоңыр ауданы Полиция басқармасына жеткізді. Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.
Сондай-ақ, полиция осындай әрекеттерге жол берілмейтінін және мәдениет нысандары мен тарихи мұраларға ұқыпты әрі құрметпен қарау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ ескерткіштерді, мәдениет және тарихи мұра нысандарын қасақана бүлдіру вандализм ретінде бағаланып, заңда белгіленген жауапкершілікке, соның ішінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салған.
Кеше Facebook желісінде оғаштау бір жазба тараған еді.
Кадрда жас қыздардың Алаш арыстарының ескерткішінің мойына аяғын салбыратып отырып алғанын көруге болады, деп хабарлайды tiek.kz. Бұл жазба көпшіліктің қарсылығын тудырып жатыр. Көбі бұл көріністі қазақ қоғамына ұлт арыстарының рухына жасалған құрметсіздік ретінде қабылдағанын жазған.
Кейіннен бұл жазба белгілі тарихшы Дүйсенәлі Әбділәшімнің парақшасында жарияланғаны белгілі болды. Тарихшының айтуынша, жазбаны өзі түсірген. «Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып «бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?» десем,көздері адырайып «Что,что!» деуден ары аспады. Сөзіме дәлел ретінде олардың бұл топастығын видеоға түсіріп алдым. Еш ұялу,кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па», — деп жазған тарихшы өзінің facebook парақшасында.



