Қоғам
Тренд

Алматыдағы блогер қайтыс болған клиникада бұған дейін де адам өлімі болған

Сол кезде медициналық орталық басқа атаумен жұмыс істеген.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Сәуле Базарханның өліміне байланысты пластикалық хирургия клиникасында осы аптада тексеру басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тексеруді прокуратура органдарында тіркеу рәсімі жүргізіліп жатыр.

Комитет басшысы 2020 жылы дәл осы мекенжайда орналасқан клиникада липосакциядан кейін төрт баланың анасы көз жұмғанын да растады. Сол кезде медициналық орталық басқа атаумен жұмыс істеген.

«2020 жылы бұл мекемеде өлім жағдайы тіркелген. Осы оқиғадан кейін санитарлық қорытындының күші жойылып, лицензияны тоқтату мақсатында сотқа талап арыз берілді. Соның нәтижесінде клиника пластикалық ота жасау лицензиясынан айырылды», – деді Бауыржан Жүсіпов.

Кейін жаңа заңды тұлға тіркеліп, клиника қайта лицензия алып, сол мекенжайда басқа атаумен жұмысын жалғастырған. Комитет төрағасының сөзінше, заң талаптарына сай келген медициналық мекемелерге қайта қызмет көрсетуге рұқсат беріледі.

Министрлік мәліметінше, қазір Қазақстанда пластикалық операция жасауға лицензиясы бар 295 клиника жұмыс істейді. Соңғы бес жылда мұндай мекемелерде 92 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, лицензиялық талаптарды бұзу және рұқсатсыз қызмет көрсету деректері анықталған.

Сондай-ақ ведомство алдағы уақытта пластикалық хирургия саласындағы бақылауды күшейтуді және медициналық мекемелерді әр бес жыл сайын қайта лицензиялау мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button