Экология

Алматыда курорттық ауылдар пайда болады

Алматыдағы тау кластерін дамыту жобасы шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, қаланы жыл бойы туристерді тартатын орталыққа айналдыра алады. Бұл туралы Almaty Super Ski жобасын талқылау барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Мақсат Қиқымов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде бизнес-қоғамдастық Алматы тау кластерін жүйелі дамыту бастамасын қолдап отыр. Жоба тек туристік инфрақұрылым құрылысына ғана емес, сонымен қатар жаңа сервистік экономиканы қалыптастыруға бағытталған.

«Алматы тау кластері — бұл экономикалық дамудың қуатты драйвері, жаңа жұмыс орындарының көзі және шағын және орта бизнес үшін ұзақ мерзімді ынталандырушы фактор», — деп атап өтті Мақсат Қиқымов.

Спикер атап өткендей, жобаның негізгі бөліктерінің бірі — курорттық ауылдар құру. Мұнда жүздеген шағын бизнес түрлері дамиды: шаңғы және туристік жабдықтарды жалға беру, нұсқаушылар мектептері, этномәдени алаңдар, сондай-ақ жергілікті өндірістік кәсіпорындар.

Тау туризмін дамыту қазақстандық өндірушілер үшін де тұрақты сұранысты қалыптастырады. Қонақүйлер мен мейрамханалар фермерлік өнімдерді, тоқыма бұйымдарын, жиһаздар мен құрылыс материалдарын жүйелі түрде сатып алып тұратын болады.

«Жоба тек кластер аумағында ғана емес, сонымен қатар сауда, көлік және қызмет көрсету салаларында мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашады», — деді өңірлік кеңес төрағасы.

Мақсат Қиқымов негізгі міндеттердің бірі — Алматыны жыл бойы қонақтарды қабылдайтын халықаралық туристік дестинацияға (бағытқа) айналдыру екенін баса айтты. Оның сөзінше, жаңа туристік нысандар бизнеске тұрақты табыс табуға және маусымдық құлдыраудың әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

«Біз Алматыны туристер жыл бойы келетін орталыққа айналдырамыз. Бұл шағын және орта бизнеске тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Сондай-ақ, спикер қазіргі уақытта тиімсіз пайдаланылып жатқан аумақтарды заманауи әрі жүйелі сервистік экономиканы дамытуға тарту жоспарланып отырғанын атап өтті.

Оның пікірінше, Алматы тау кластерін дамыту қаланың Орталық Азиядағы ірі туристік және іскерлік орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз етіп, отандық кәсіпкерліктің дамуында жаңа кезеңді ашады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді
Back to top button