«Германияда ит асырау үшін мемлекетке салық төлеу керек» — Мюнхен қазағы
Иттер үшін арнайы серуендеу орындарын салып, ішінде пакеттері бар жәшіктер орнатады. Үкімет халыққа осындай жағдай жасағаны үшін иелерінен салық алады

Германияда ит асырау үшін арнайы рұқсат алып, мемлекетке салық төлеу керек. Әрі ол арнайы заңымен реттеледі. Бұл туралы Мюнхен әкімшілігінде жұмыс істейтін жалғыз қазақ қызы Мәншүк Назарбай tiek арнасына берген сұқбатында айтып берді.
Мәншүк Назарбай дың айтуынша, ол жақтағы ит жануар асырау ережесі өте қатал. Үйде ит ұстағыңыз келсе, алдымен ветеринарлық бақылаудан өткізу керек. Үкімет бекіткен арнайы дәрігер келіп, итті тексеріп, оң қорытынды берген жағдайда ғана рұқсат беріледі.
«Ит салығы туралы заң өте қызық. Қысқаша айтқанда, бұл салықтың көлемі қала тұрғындарының санына қарай белгіленеді. Өйткені мемлекет иттер үшін арнайы серуендеу орындарын салып, ішінде пакеттері бар жәшіктер орнатады. Иелері үй жануарларының артын тазалап, қоқысты арнайы контейнерлерге тастауы керек. Үкімет халыққа осындай жағдай жасағаны үшін иелерінен салық алады», — дейді ол.
Салынатын салық мөлшері иттің тұқымына байланысты. Мысалы, қарапайым тұқымдар үшін жылына 40-50 еуро төленеді.
«Сол секілді кейбір тұқымдарды, мәселен, кангал немесе питбуль сияқты агрессивті иттерді ұстауға мүлдем тыйым салынған немесе оларға қатаң талаптар қойылады.
«Жалпы, мұндай жануарлар екі категорияға бөлінеді. Тұрғын үйде ұстауға мүлдем рұқсат етілмейтін иттер және рұқсат етілген, бірақ салығы өте жоғары тұқымдар. Олардың салығы 700–800 еуроға дейін жетуі мүмкін. Салықтың осыншалықты қымбат болуы адамдарды итті жауапкершілікпен таңдауға мәжбүрлейді», — дейді қандасымыз.
Мәншүк Назарбай — Германияның Мюнхен қаласының әкімдігінде (мэриясында) қызмет етіп отырған қазақ қызы. Ол 2001 жылы Германияға оқуға кетіп, кейін сол жақта қызмет бабымен қалып қойған. Жақында tiek арнасы отандасымыздан арнайы сұқбат алған еді. Сұқбат барысында ол өзінің жеке өмірі, қызмет жолы, Германиядағы салық жүйесі, қоғамдық тәртіп, шенеуніктердің жалақысы мен жемқорлықпен күрес мәселелерін айтып берді.
Сұқбаттың толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар:



