
Күн жылынып, табиғат оянған сәтпен бірге ел тұрғындары үшін көздің жасаурауы, тоқтаусыз түшкіру мен мұрынның бітелуі сияқты жағымсыз маусым басталады. Әсірісе, Астана тұрғындары арасында мұндай жайт жиі кездеседі. Өкініштісі, мқндай оқиағалардың қатары жыл санап артып келеді.
Көктеммен келетін күйік
Медицинада мұны поллиноз (өсімдік тозаңына болатын аллергия) деп атайды. Арқаның қатал қысынан кейін басталатын Астананың көктемі мен жазы жергілікті климаттық ерекшеліктерге байланысты аллергиясы бар жандарға оңай тимейді, деп хабарлады tiek.kz.
Бүгін сол маусымдық аллергияның ерекшеліктері, оны қоздыратын негізгі факторлар және одан қорғану жолдарын қарап көрмекпіз.
Астанадағы маусымдық аллергиядан қалай қорғанамыз?
Мамандар Астанадағы поллиноздың басты себебі — қаланың географиялық орналасуы, қатты соғатын желі және жасыл желектердің ерекшелігінде жатқанын айтады.
Дәрігерлер-аллергологтартың сөзіне сенсек, Астанадағы аллергияның негізгі үш толқыны бар екен.

Өсімдіктер:
Елордада маусымдық аллергия сәуір айының соңынан басталып, қазанға дейін созылады. Оның өзі үш негізгі кезеңге бөліп қарайды:
Көктемгі кезең (сәуірдің соңы-мамыр) — ағаштар тозаңданады. Астана климатында аллергияны ең көп қоздыратын ағаштар қатарында қайың, үйеңкі және терек бар. Сәуір-мамыр айларында бұл ағаштардың тозаңы ауаға жаппай таралады. Жұртшылық жиі кінәлайтын «терек мамығы» (тополиный пух) шын мәнінде маусымның соңында маусымдық ауруды қоздырмайды, ол тек басқа өсімдіктердің тозаңын тасымалдаушы механикалық фактор ғана.
Жазғы кезең (маусым-шілде) — шабындық және астық тұқымдас шөптердің гүлдеу уақыты. Бидайық, бетеге сынды шөптердің тозаңы өте жеңіл келеді және Астананың ашық рельефі мен қатты желінің әсерінен ондаған шақырымға еркін ұшады.
Күзгі кезең (тамыз-қазан) — елордадағы ең ауыр әрі ұзаққа созылатын кезең. Бұл уақытта аллергия тудыратын жусан (Полынь) сынды өсімдіктер гүл жарады. Сарыарқа даласының символы болған бұл өсімдік — Астанадағы ең басты «аллерген». Оның тозаңы тамыз айынан бастап алғашқы қар түскенге дейін ауада сақталады. Қала шетінде, бос жатқан құрылыс алаңдарында қаптап өсетін Алабота (Марь/Лебеда) және циклхена өсімдіктері де күзгі поллинозды одан сайын ушықтырады.

Жануарлар
Сол секілді Астанада пәтер жағдайында өмір сүру деңгейі жоғары болғандықтан, тұрғындар арасында үй жануарларына (эпидермалдық аллергия) сезімталдық жиі кездеседі. Адамдар көбіне аллергия жануардың жүнінен болады деп ойлайды. Алайда, негізгі аллерген — жануардың сілекейінде, терісінің қатпарларында (эпителий) және зәрінде болатын арнайы ақуыздар (Fel d 1 — мысықта, Can f 1 — итте). Жануар өзін жалаған кезде бұл ақуыз жүнге жұғады, содан кейін кеуіп, ауаға ұшады.
Үйдегі тотықұстардың қауырсыны мен тері бөлшектері, сондай-ақ аквариум балықтарының кептірілген жемі (дафния) өте күшті тұрмыстық аллерген болып есептеледі.
Климат
Астананың басты ерекшелігі — оның толассыз соғатын желі. Далалық аймақтан соққан жел қала сыртындағы жусан мен астық тұқымдас шөптердің тозаңын тікелей қала орталығына айдап әкеледі. Сонымен қатар, қаладағы құрылыс шаңдары мен көлік түтіндері (выхлопные газы) тозаң түйіршіктерімен қосылып, олардың адам ағзасына енуін жеңілдетеді және агрессивтілігін арттырады.
Аллергиядан қалай емделуге болады?
Аллергияны жай ғана «тұмау» деп елеусіз қалдыруға болмайды. Емделмеген поллиноз уақыт өте келе бронх демікпесіне (астма) ұласуы мүмкін.
1.Маманға жүгіну:
Симптомдар байқалған бойда.Тұмауға қарсы дәрілер ішпей, бірден аллерголог-дәрігерге көрініңіз. Ол сізге симптоматикалық жергілікті ем (арнайы спрейлер мен тамшылар) тағайындайды.
2.Қоздырғышты анықтау:
Күз мезгілінде.Аллергия маусымы аяқталған соң (қазан-қараша айларында) аллергоорталыққа барып, қолға арнайы сынама (аллергопроба) жасатыңыз. Бұл сіздің нақты қай өсімдікке реакцияңыз бар екенін көрсетеді.
3.Емделу:
Қыс мезгілінде АСИТ (Аллерген-спецификалық иммунотерапия) емін алыңыз. Мұнда сізді мазалайтын өсімдіктің микродозасы ағзаға енгізіліп, иммунитет соған үйретіледі. Бұл әдіс келесі маусымда аллергияның мүлдем білінбеуіне немесе өте жеңіл өтуіне кепілдік береді.
Сақтану жолдары
Күн ыстық және желді болған күндері далаға шығуды шектеу (тозаң концентрациясы таңертең жоғары болады);
Даладан келген бойда киімді ауыстырып, душқа түсу, мұрын қуысын тұзды сумен шаю;
Пәтерге HEPA-фильтрі бар ауа тазартқыш орнату және терезелерді тормен жауып, оны ылғалды ұстау керек.
Дәрігерлер-аллергологтартың айтуынша, маусымдық аллергияны заманауи медицинаның көмегімен толық бақылауда ұстауға және одан біржола құтылуға болады.
«Маусымдық аллергия симптомдары байқалса, бірден аллергологқа көрінген жөн. Маман бірден тексеріп, нақты диагноз қояды және тиімді ем тағайындайды. Егер ауруды алғашқы сатысында емдесе, нәтижесі тез болады. Ал асқынған түрін емдеу ұзақ уақытты талап етеді. Жалпы мдеудің екі түрі бар. Біріншісі — симптоматикалық ем. Яғни аллергия қозып тұрған кезде ауру белгілерін басу үшін қолданылады. Көпшілік тек таблетка ішеді, бірақ ол толық нәтиже бермейді. Ең тиімдісі — жергілікті ем. Аллерголог маман дұрыс тағайындаған мұрынға арналған арнайы спрейлер мен көз тамшылары өте жақсы көмектеседі. Екіншісі, АСИТ терапия. Бұл — аллергияның негізгі, түбегейлі емі. Біз бұл профилактикалық емді қыс мезгілінде жасаймыз. Мұны келесі жылғы маусымға дайындық деп айтуға болады. Қыста науқас келгенде алдымен аллергияның себебін, яғни қандай өсімдік немесе шөп тозаңына реакция бар екенін анықтаймыз. Ол үшін қолға арнайы аллергиялық сынама (аллергопроба) жасалады. Ағза жарты сағат ішінде нәтижені көрсетеді. Себепші аллергенді тапқаннан кейін, содан арнайы дәрі дайындап, кішкентай дозадан бастап ағзаға егеміз. Нәтижесінде ағзаның қарсы тұру қабілеті, яғни иммунитеті көтеріледі. Егер қыста негізгі емді алмаса, аллергия жыл сайын қайталанып, асқына береді. Алғашында жай ғана риноконъюнктивит (көз бен мұрын аллергиясы) болса, кейін ол асқынып, бронх демікпесіне (бронхиальная астма) айналады. Сонымен қатар, бұл ауру тұқым қуалайды. Көптеген жастар емделмей жүре береді де, кейін үйленіп, балалы болғанда, олардың перзенттерінде де аллергияның әртүрлі түрлері пайда болады. Сондықтан уақытында емделген жөн. Дәрігердің нұсқаулықтарын толық орындаса, бұл дерттен 90-100% айығуға болады», — дейді «Universiteti medical center» Республикалық диагностика орталығы Корпоративті қорының Жоғары санатты аллерголог-иммунолог маман Қайрат Қиықбаев.



