Экология

«1,5 млн гектар жер мұнаймен ластанған»: депутат экологиялық жағдайдың ушығып тұрғанын айтып дабыл қақты

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков мұнай өндіруші компаниялардың жауапсыздығы салдарынан қоршаған ортаға орасан зиян келіп жатқанын айтып дабыл қақты. Айтуынша, 1,5 миллион гектардан астам жер мұнаймен уланып, жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды tiek.kz.

Депутат әлеуметтік желілерінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына еліміздің мұнай өндіретін өңірлеріндегі экологиялық қауіпсіздік, жер қойнауын пайдалану талаптарының сақталуы және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдағанын хабарлады. Өз жолдауында Мемлекет басшысының жуырда өткен Өңірлік экологиялық саммитте айтқан сөзін еске салды.

«Біздің жаңа Конституциямыз қоршаған ортаны қорғауды мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде нақты айқындайды».

Депутаттың айтуынша, мұнай өндіретін өңірлерде болып жатқан жағдайлар экологиялық қауіпсіздік, жер қойнауын пайдалану және мұнай өнімдерінің айналымы салаларында мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.

«Бүгінде Қазақстанда 1,5 миллион гектардан астам жер мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған. Экологиялық талаптарды бұзған мұнай өндіруші компанияларға ондаған миллиард теңгеге жуық айыппұлдар мен талаптар қойылып отыр», — деді Құспеков.

Сондай-ақ ол Атырау облысындағы бірқатар ірі экологиялық заңбұзушылықтарды мысалға келтірді. Атап айтқанда, «Oxygenator» ЖШС рұқсатсыз мұнай қалдықтарын кәдеге жаратқаны үшін 37 миллиард теңге көлемінде айыппұлға тартылған. «Каспий Нефть» АҚ-қа экологиялық заңбұзушылықтар үшін 13 миллиард теңгеден астам талап қойылған.

Депутаттық сауалда Ақтөбе облысындағы Көл-Бас кен орнына қатысты жағдайға да ерекше назар аударылды. Оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушы ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған кешенді газ дайындау қондырғысын салу жөніндегі міндеттемелерден жалтарып, әрқайсысының қуаты 2 мегаватт болатын үш газтурбиналық қондырғыны пайдаланып отыр. Ал кен орнының нақты қажеттілігі 1 мегаваттан аз.

«Бұл ретте жылына 17 гигаватт-сағатқа дейінгі артық энергия арнайы жерге тұйықтау жүйелеріне жіберілуі мүмкін. Мамандардың бағалауынша, бұл топырақтың тозуына және жер асты суларының ластануына әкелуі ықтимал», — деді депутат.

Сонымен қатар, Құспеков Каспий өңірі арқылы мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты мәселелерді қосымша тексеру қажеттігін мәлімдеді.

Мысал ретінде депутат Meliana танкеріне қатысты жағдайды келтірді. Тергеу барысында хабарланғандай, 2022-2023 жылдары аталған танкер арқылы 2 мың тоннадан астам шикізат шығарылған. Мемлекетке келтірілген залал 1 миллиард теңгеден асып, бюджет 300 миллион теңгеден астам салық түсімінен айырылған.

«Нәтижесінде мемлекет табиғи ресурстардан және аймақтардың дамуына, мектептер, ауруханалар мен жолдар салуға бағытталуы тиіс қаражаттан қағылып отыр», — деді депутат.

Депутат бірнеше уәкілетті органға жүгініп, Экология министрлігі мен Энергетика министрлігіне мұнай өндіру және ілеспе газды кәдеге жарату кезіндегі экологиялық талаптардың сақталуын тексеруді, ал Төтенше жағдайлар министрлігіне өндірістік қауіпсіздік нормаларының орындалуын бақылауды талап еткен.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді
Back to top button