Ауылдан хат
Тренд

«Биыл күзде Арқалық әуежайы пайдалануға беріліп, «Орталық-Батыс» автожол құрылысы басталады» — мәслихат депутаты

Осы жылдың тамыз айында Арқалық әуежайы пайдалануға беріледі. Бұл туралы Қостанай облыстық мәслихатының депутаты, қаржыгер Қырмызы Жаңбыршина «Тиек» студиясына берген сұқбаты барысында айтты. Айтуынша, «Арқалық – Қостанай» және «Арқалық – Астана» бағытына ұшақ қатынауы тиіс.

«Осыдан шамалы бұрын Мемлекет басшысы Арқалық әуежайын үлкен хабқа айналдыру туралы айтқан болатын. Расы керек бұл біз үшін өте қуанышты жаңалық болып отыр. Студент кезімізде сол әуежайдан талай ұшқан едік, өте қуатты нысан болатын. Қазір қоғамда «Оған қаншама қаражат кетіп жатыр, пайдасы бар ма?» деген сұрақтар туындап жатады. Әрине, пайдасы зор. Бұл қарапайым халыққа да, мемлекеттік қызметкерлер мен шаруа қожалықтарына да тиімді.

Мысалы, шаруалар құжат рәсімдеу немесе техника алу үшін облыс орталығына келеді. Құжаттан бір қателік кетсе, 600-700 шақырым жерге қайта баруы керек. Мұндайда ұшақпен қатынау уақытты айтарлықтай үнемдейді. Сонымен қатар, денсаулығына байланысты көлік немесе пойыз жүрісін көтере алмайтын науқас жандарға да өте ыңғайлы болады», — дейді Қырмызы Сапарқызы.

Сондай-ақ ол бұл жаңалық өңір экономикасына үлкен серпін береді.

«Әуежайдың ашылу мерзімі, менің естуімше, жоспар өзгермесе, осы жылдың 1 тамызына белгіленген. Әуе бағыттары «Арқалық-Қостанай» және «Арқалық-Астана» болады деп күтілуде. Бұл қалаларды бір-біріне жақындата түседі», — дейді ол.

Сондай-ақ ол Торғай халқын көптен бері мазалап жүрген «Орталық – Батыс» автожолының құрылысы биылғы жылдың көктемінде ресми түрде басталатынын атап өтті. Қаржыгер-депутаттың мәліметінше, алдымен «Торғай-Ақшығанақ-Ырғыз» бағыты салынады. Кейін «Арқалық-Торғай» бағыты жасалады.

«Қазіргі ақпарат бойынша, жол құрылысы осы жылдың көктемінде басталып, 2028 жылы аяқталуы тиіс. Бұл — үш жылға арналған ауқымды жоба. Менің сұрастырып білген мәліметім бойынша, жөндеу жұмыстары алдымен «Торғай-Ақшығанақ-Ырғыз» бағытынан басталады. Одан кейін «Арқалық – Торғай» бағыты жасалады. Себебі, ескі жол арқылы құрылыс материалдары мен қажетті құрал-жабдықтар тасымалданады да, бұл бөлік ең соңында жөнделеді.

Бұл жол Торғай өңірі халқының тамырына қан жүгіртіп, үлкен үміт ұялатып отыр. Жол бойында жаңа тіршілік көздері — шағын бекеттер, дәмханалар, жөндеу орындары ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Жол жөнделіп болғаннан кейін, халықтың арманы — газ құбыры тартылса, Торғай қайта түлейтін болады», — деп атап өтті депутат.

Сұқбаттың толық нұсқасын мына жерден тамашалай аласыздар:

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button