Қоғам

Алматы клиникасында белгілі блогер пластикалық ота кезінде көз жұмды

Белгілі блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан қайтыс болды деген ақпарат тарады. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, 53 жастағы блогер пластикалық ота жасату кезінде жүрек ұстамасынан көз жұмған. Қайғылы оқиға «Smart Beauty Clinic» пластикалық хирургия клиникасында болған.

Продюсер Гүлзира Айдарбекова блогердің қайтыс болғанын растап, марқұмның өзіне туған сіңілісіндей болғанын айтты. Алайда продюсер нақты себебін ашып айтпаған.

Марқұмның қызының сөзінше, 15 мамыр күні Сәуле Ермаханова Smart Beauty Clinic клиникасына жоспарлы ота жасатуға барған. Дәрігерлер операция 1-1,5 сағатқа ғана созылады деп айтқан. Алайда туыстары бірнеше сағат бойы ешқандай ақпарат ала алмаған.

«Бір сағат өтті. Артынша екі, үш сағат өтті. Бізге ештеңе айтпады. Анамыздың қайтыс болғанын тек кешкі алты шамасында естідік», – деп жазды ол. Айтуынша, жедел жәрдем тым кеш шақыртылған.

«Жедел жәрдем тек кешкі жетіде келген. Үш сағат бойы анам жабық есіктің ар жағында жалғыз жатқан. Біз не болғанын білмедік», – деді ол.

Сондай-ақ ол көп жайыттың әлі жұмбақ болып отырған айтады. «Неге дәрігерлер өлім туралы бірден хабарламады? Сол уақыт аралығында не істеді? Анамды құтқаруға әрекет болды ма? Неге жедел жәрдемді бірден шақырмады?» – деп жазған блогердің қызы.

Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғағаны және клиникаға қатысты тексеру басталғаны хабарланды. Алайда ресми органдар мен клиника тарапынан бұл жағдайға байланысты түсініктеме берілген жоқ.

Блогердің қызының айтуынша, клиника  жұмысын тоқтатпаған. «WhatsApp арқылы баға жіберіп, келесі аптаға операцияға жазып жатыр. Анамыздың өлімінің мән-жайы анықталмай жатып, жаңа науқастар қабылдап жатыр», – деді ол.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button