Заң үстемдігі

Жеке сот орындаушылары өткен жылы 44 миллиард теңге өндірді

Соңғы кездері Қазақстанның жеке сот орындаушылары институының құрылуы өзінің тиімділігін дәлелдей бастады. Нақты айтар болсақ, сот шешімдерінің орындалуы көрсеткіші артып, мемлекеттік бюджет есебі де біршама толыға бастаған.

Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың 12 айында және ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін Қазақстанның жеке сот орындаушыларының күшімен, оның ішінде цифрлық құралдарды пайдалана отырып, мемлекет кірісіне 44 миллиардтан астам теңге өндірілді.

Салыстыру үшін, 44 миллиард теңге — бұл Қазақстанның бір қаласының бюджеті. Бұл ондаған жаңартылған мектептер мен ауруханалар немесе әлеуметтік жағынан осал отбасыларға арналған жүздеген пәтерлер. Бұл балаларға арналған оңалту орталықтарындағы мыңдаған орындар немесе жөнделген жолдар, жарықтандыру және басқа инфрақұрылымдар жұмысына бөлінетін қаражат көлемі.

«Мемлекет кірісіне өндірілу үшін бюджеттен ақша бөлінбейді. Жұмыстың басым бөлігін жеке сот орындаушылары борышкерлермен жұмыс жасау, оның ішінде: мүлікті іздестіру; қамтамасыз ету шараларын қолдану; мүлік пен ақшалай қаражатты өндіріп алу арқылы жүргізеді.

Жүйенің кемшіліктерін талқылауға, жеке орындаушыларды сынауға немесе реформалар ұсынуға болады. Бірақ, қаражаттың нақты өндірілуін және елдің бюджетіне ақша түсуін қамтамасыз ету — бұл жеке сот орындаушылары институтының тиімділігінің дәлелі», — делінген хабарламада.

Сот шешімі орындалған кезде заң қолданылады. Заң күшінде болған кезде-мемлекетке деген сенім нығаяды. Сот шешімдерін орындамай, әділеттілік те, құқықтық тәртіп те, күшті мемлекет те мүмкін емес.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button