Экология

«Киік популяциясын қолдан реттемесек, қырылып қалады» — Мәжіліс депутаты

«Табиғат өзі реттейді» деп күтіп отыруға болмайды

Киік санының артуы — фермерлер үшін ғана емес, жалпы ауқымды проблемаға ұласу мүмкін. Киік санын бір ретке келтірмесе, табиғат өзі реттеуі мүмкін дейді Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев.

Депутаттың айтуынша, киік мәселесін ушықтыруға болмайды. Киік санының шамадан тыс өсуі эпидемиялық қауіпке алып келіп отыр.

«Бүгінде елдегі киік саны 5 миллионға жуықтап қалды, оның 3 миллионнан астамы дәл осы Батыс Қазақстан өңірінде шоғырланған. Сондықтан негізгі проблемалар да осы аймақта туындап отыр, бірақ соңғы уақытта бұл мәселе солтүстік өңірлерге де жетті. Былтыр тек киік санының күрт өсуі алаңдатса, биыл олардың арасында түрлі аурулар шыға бастады. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ветеринария қызметкерлері бұл жағдайды бақылауда ұстап отыр. Мамандардың айтуынша, бұл — қыстан шыққан кезде болатын кәдімгі эпизоотиялық аурулар мен киіктерге тән заңдылықтар. Бірақ жағдайды үнемі жіті қадағаламаса, ертең бәрі күрт өзгеруі мүмкін. Біз депутат ретінде, партия ретінде Үкіметпен, министрліктермен және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, бірақ нақты шешім әлі жоқ», — дейді депутат.

Сондай-ақ ол бұл жерде реттеу яғни киік санын қолдан азайтудан басқа амал жоқтығын айтады.

«Былтыр министрлік киік етін ет комбинаттарына өткізу тәсілін ұсынды, бірақ ол кезде шамамен 100 мыңдай ғана бас реттелді. Ал биылғы көктемнің өзінде киік саны бірнеше жүз мыңға көбейді. Қазір қоғам бұл мәселеде екіге бөлініп отыр. Егер біз киік популяциясын қолдан реттемесек, ол табиғи жолмен өздігінен реттелмейді. «Табиғат өзі реттейді» деп күтіп отыру — өте қауіпті. Себебі жаппай қырылуға алып келеді. Бұл да үлкен қауіп, ауру тарайды. Бұл ауру ертең үй малдарына тарап кетуі мүмкін. Сондықтан біз киік санын қолдан реттеп, оның пайдасын көру және қауіп-қатердің алдын алу мәселесін қарастыруымыз керек. Менің жеке пікірім — осы жолмен жүру қажет және тиісті министрліктермен бірге бұдан да тиімдірек басқа тәсілдерді қолдануды жеделдетуіміз керек», — дейді депутат.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді
Back to top button