Саясат
Тренд

«Президент туралы» заң қабылданды

Парламент «Президент туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлады  tiek.kz.

Құжатта Президенттің мемлекеттік билік тармақтарының келісімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретіндегі мәртебесі бекітілген.

Заңға сәйкес, Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып қала береді. Сонымен қатар кезектен тыс сайлау институтының алынып тасталуына байланысты сайлау, ант беру және өкілеттік мерзіміне қатысты нормалар нақтыланды.

Президенттің Бас прокурорды, Конституциялық сот, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық банк, Жоғары аудиторлық палата, Орталық сайлау комиссиясы басшыларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Мемлекеттік күзет қызметі жетекшісін тағайындау құқығы бекітілді. Ал Жоғары сот кеңесінің ұсынысымен Жоғарғы сот төрағасы тағайындалады.

Заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі — Вице-президент институтының енгізілуі. Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасымен Құрылтай, Үкімет және өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жүргізеді. Сондай-ақ Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты өкілеттіктері жеке нормалармен бекітілді.

Құжат авторлары өкілеттіктерді нақты бөлу тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтіп, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыратынын айтады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button