Астанада LRT жолаушылар саны бойынша рекорд орнатты

Астанадағы LRT іске қосылған алғашқы күннен-ақ жолаушылар саны бойынша рекорд орнатып, айналасы екі күнде 180 мың адам пайдаланған, деп хабарлайды tiek.kz.
City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, тұрғындардың жаңа көлік түріне деген қызығушылығы күткеннен әлдеқайда жоғары болған. Дүйсебаев ресми іске қосылған алғашқы күні, яғни 17 мамырда, LRT қызметін 100 мың адам пайдаланғанын айтты.
«LRT іске қосылғалы жолаушылар саны 180 мың адамға жетті. Тек кешегі күннің өзінде бұл көлік түрін 100 мың жолаушы пайдаланды. Бұл көрсеткіш жобада қарастырылған өткізу мүмкіндігінен жоғары көрсеткіш», – дейді Дүйсебаев.
Алайда CTS компаниясының мәліметінше, қазіргі таңда жүктеме біртіндеп тұрақталып келеді.
«Қазіргі уақытта жолаушылар ағыны екі есе азайды», – деді компания басшысы.
Жолаушылар санының көп болуына байланысты LRT операторы тұрғындарды жүйенің жұмысына кедергі жасамауға шақырды. «Өздеріңіз білетіндей, LRT жүйесі толық автоматтандырылған және жүргізушісіз жүреді. Сол себепті қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұраймыз», — деп атап өтті Дүйсебаев мырза.
LRT қызметі 16 мамыр күні ресми түрде іске қосылды. Жобаның ашылуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Astana LRT жобасын іске қосты. Мемлекет басшысы алғашқы жолаушы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музейге» дейін жүріп өтті.
LRT жүйесінің әр құрамы 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желі арқылы 15 құрам жүргізушісіз жүреді (4 құрам резервте). Басқару, жылдамдықты арттыру және тежеу, есікті ашу үдерістері, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер толығымен автоматтандырылған. Қосымша бақылау үшін қолмен басқару және диспетчермен байланысқа шығу мүмкіндігі қарастырылған.
LRT инфрақұрылымында 18 станция мен заманауи қойма бар. Бағыт бойынша жолдың ұзақтығы шамамен 40 минут болады. Құрамдар сағатына 50-60 шақырым орташа жылдамдықпен 5-6 минут сайын жүреді.



