Ауылдан хат

«Сағаттап күтуге мәжбүрміз»: Оралдағы жедел жәрдем дағдарысы қашан шешіледі

Соңғы уақытта Орал қаласында жедел медициналық көмектің сағаттап кешігуі тұрғындардың басты бас ауруына айналып отыр. Техникалық базаның тозуы және көліктің жетіспеушілігі салдарынан Орал тұрғындары өмір мен өлім арасында жатқан сәтте жедел жәрдемді сағаттап күтуге мәжбүр.

zhaloby_uralsk__official парақшасында қала тұрғындарының бірінің осы мәселегі қатысты шағымы жарияланған. Шағым иесінің айтуынша, ресми құжаттар бойынша Орал қаласында халыққа қызмет көрсетуге 30-35 жедел жәрдем бригадасы бөлінген деп көрсетіледі. Алайда, шынайы өмірде күнделікті желіге (линияға) небәрі 21 бригада ғана шығатыны айтылған. Ең сорақысы, Орал қаласының орталық жедел жәрдем станциясы тек шаһар ішін ғана емес, оған қарасты және іргелес жатқан 17 ауылды қамтып отыр. Айналасы 21 бригаданың күші бүкіл қала мен 17 ауылға жетпейді», — дейді шағым иесі.

«Орал қаласындағы жедел жәрдем қызметіне қатысты өте маңызды мәселені жеткізгім келеді. Қазіргі таңда қала бойынша линияға небәрі 21 бригада ғана шығып жүр. Құжат жүзінде 30-35 бригада бар деп көрсетілгенімен, олардың бәріне бірдей көлік жетіспейді. Соның салдарынан халық жедел жәрдемді сағаттап күтуге мәжбүр.

Бригадалар тек қала ішінде ғана жұмыс істемейді. Олар Серебряково, Круглоозерное, Подстепное, Тукпай, Айтиево, Магистральный, Пойма, Ақсуат, Байқоныс, Новенький, Достық, Макаров, П. Жамбыл, Октябрьское, Маштаково, Новостройка, Ынтымақ (Витолки) секілді ауылдарға да орталық жедел жәрдем станциясынан қатынайды. Шақырту өте көп, ал бригада саны жетіспейді.

Фельдшерлер мен жүргізушілер күн-түн демей жұмыс істеп жүр. Әр үйге кірген сайын «Неге кешіктіңдер?», «Бүйтеміз, сүйтеміз!» деген қорқыту сөздерді естиді. Бірақ нақты мәселені шешіп жатқан ешкім жоқ.

Халық тарапынан да сұраныс пен талап аз. Неге бригада жетіспейді, неге жедел жәрдем кешігеді деген мәселе бойынша арыз-шағымдар аз болғандықтан, басшылық үнсіз отыр. Осы жағдайдың салдарынан қаржының дұрыс жұмсалмай жатқаны туралы да халық арасында түрлі пікір айтылуда.

Бұл — өте қауіпті жағдай. Осы жазбаны оқып отырған әр адам ойланып көрсін: ертең ата-анаңызға, бауырыңызға немесе балаңызға шұғыл көмек қажет болып қалса, дер кезінде баратын жедел жәрдем бригадасы табыла ма?

Сондықтан осы жазбаны бөлісіп, мәселенің қоғам назарын аударуына көмектесіңіздер. Жедел жәрдем саласындағы басшылықты мұқият тексеру қажет деп санаймын. Тек директор ғана емес, қала «қызыл линияға» шығып тұрса да үнсіз отырған орынбасарлар мен жауапты тұлғалардың да жұмысына тексеріс жүргізілуі керек», — делінген шағымда.

Парақша астындағы пікір қалдырушылар бұл жағдайды «бассыздық» деп бағалап, өз бастарынан өткен оқиғаларды бөліскен.

«Жақында баламның қызуы 40-қа көтеріліп, жедел жәрдемді 2,5 сағат күттік. Соңында өз көлігімізбен ауруханаға жеткіздік. Жедел жәрдем біз ауруханада жатқанда бір-ақ хабарласты».

«Дәрігерлерді кінәлаудың қажеті жоқ, олар да адам. Басшылықты тексеру керек. Қала «қызыл линияға» (дағдарыс шегіне) шығып тұрса да, олар қалай тыныш отыр? Мемлекеттен бөлінген ақша қайда кетіп жатыр?»

«Ертең кенеттен инфаркт немесе инсульт алған адамға бұл 21 бригада уақытылы жете ала ма? Бұл – қылмыс! Бүкіл облыс басшылығы назар аударуы тиіс» деп жазып жатыр.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ЖАЛОБЫ УРАЛЬСКА ОРИГИНАЛ 💯 (@zhaloby_uralsk__official)

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button