Мәдениет
Тренд

«Жібек» келді Ойылға

Қазақ киносының бойтұмары, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешованың Ойыл жұртшылығымен қауышуы ел ішіндегі терең сағынышын оятты.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында қазақ кино өнерінің аңызына айналған жұлдызы Меруерт Өтекешовамен кездесу кеші өтті, деп хабарлады Tiek.kz.

Құрметті қонақты ойылдықтар қазақы дәстүрмен ерекше қарсы алды. Аудандық мәдениет үйінің алдында келіндер сәлем салып, жастар гүл шоқтарын табыстады. Бұл көрініс көпшілікке ұлттық тәрбиенің көркем үлгісіндей әсер қалдырды.

Кездесу барысында экраннан Қыз Жібек фильмінен арнайы бейнеролик көрсетіліп, туындының қазақ руханиятындағы орны кеңінен әңгімеленді. Көрермендер фильмнің түсірілу тарихына қатысты қызықты деректерге қанықты.

Кештің негізгі бөлімінде Меруерт Өтекешова көрермендермен еркін форматта сұхбат құрды. Актриса киноға қалай келгенін, Жібек рөліне іріктеу сәттерін және фильм түсіріліміндегі естеліктерін бөлісті.

Қазақ киносының бойтұмары, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешованың Ойыл жұртшылығымен қауышуы ел ішіндегі терең сағынышын оятты. Ақын Еркін Жиеналин осы бір тарихи сәтке, өнер мен өмірдегі шын махаббаттың символына айналған Қыз Жібекке арнап тебіреністі жыр жазған екен.

«ЖІБЕК» КЕЛДІ ОЙЫЛҒА…

(Бұл арнау қазақ кино өнеріндегі Қыз Жібек бейнесін жүрекке мәңгі қондырған Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері- Өтекешова Меруерт Қаратайқызына және халық жүрегінде сақталған мәңгілік Жібек рухына арналады)

Жібек келді…
Аққу қонды айдынына Ойылдың,
Гәкку үнмен сейілгендей ойым-мұң.
Сәукелесі ағып бара жатқан кезде Жайыққа,
Жылаушы едім билей алмай бойымды.

Жібек пе едің?
Бейнесі ме ең әлде қазақ қызының,
Жалғасы ма ең мұңы менен назының!?
Махаббаттан асқақ қойдың ар мен елдің намысын,
Қыз боп тудың сол ма сенің жазығың?!

Қыз Жібегім…
Сені шебер экранда сомдаған,
Әлі жасы он сегізге толмаған.
Меруерт деген қос бұрымды аруы еді Батыстың,
Бес жүз жылдық тарихымды қозғаған.

Жібек-Мерует…
Меруерт бәлкім айналда ма Жібекке…
Қалай сиды жұдырықтай жүрекке?!
Қос батырдың таңдауына серттеп жебе- тағдырын.
Көзін байлап садақ тартқан түнекке.

Меруерт апа!
Мені сірә мазаламас бекерге ой.
Тағдырың да, таңдауың да бекем ғой.
Аспанға атқан сырлы жебе Төлегенді тапқаны-
Шын өмірде Құман ағам екен ғой.

Екі ғашық…
Сол аңызда жеткен бізге көнеден,
Қосылмады Қыз Жібек пен Төлеген.
Ал өмірде Ақ отауын тіктіріп,
«Бекежанға» қонақтарын күттіріп,
«Қыз Жібектің» бетін ашты «Шеге» де.

Жылдар өтті…
Ақбозаттай баса алмаған аптығын,
Мұңды жырды алмастырды шаттық үн.
Қос аққуды үркіп ұшқан айдынына қондырған,
Тыңдай берем Нұрғисаның «Аққуын».

Неткен ғажап!
Өнер менен өмірдің бар заңы шын,
Жылайсың да, жұбанасың, налисың.
Бір фильмнен саған деген махаббатын халықтың,
Саған деген ілтипатын танисың.

Меруерт апа!
Саф өнерге сыйлар екен жылу кім?
Осы бір тұс әлі бізде тұр олқы!
Жауһарларын іздемейтін қоғамнан жеткен Баян арқылы,
Қызыл камзол- Қыз Жібектің рухы!

Тағдыр- сынақ…
Мойымадың басқа түсті не түрлі,
Жібек мінез жыртылмауға бекінді.
-Төлегенім келер ме?- деп, ақ шымылдық артынан,
Жібек қарап отырғандай секілді.

О, тәйір-ай!
Жібек тірі… Жайық бойлап келеді…
Аққу қонып, гәкку әнін төгеді.
Ғасырлардан жеткен мәңгі махаббаттың символы-
Меруерт апа, сен едің!

Еркін Жиеналин
13 мамыр, 2026 жыл

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tiek ақпарат порталы (@tiek.kz)

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button