Экономика
Тренд

Назарбаевтың жиені мен Ахметжан Есімовтің қызы Forbes байларының тізіміне қосылды

Нұрәлі Әлиевтің дәулеті 280 миллион, Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің қызының байлығы 207 миллион долларға жеткен.

Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің жаңартылған рейтингін жариялады. Биылғы тізімге 44 жасқа толмаған бірнеше жас кәсіпкер енген, деп хабарлайды Politico.kz.

Рейтингтегі ең жас кәсіпкер — 35 жастағы Шахмұрат Мұтәліп. Integra Construction KZ компаниясының бенефициары алғаш рет Forbes тізіміне еніп, бірден 22-орынға жайғасқан. Оның байлығы 482 миллион доллар деп бағаланған.

Жас миллионерлер қатарында 44 жастағы Айжан Есімнің есімі де аталды. Ол — Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің қызы. Оның байлығы 207 миллион доллар деп көрсетілген. Forbes мәліметінше, Ол «Қазфосфат» компаниясындағы үлесін сату арқылы дәулет жинаған. Бұл кәсіпорын фосфорит өндірумен және фосфорлы тыңайтқыштар, сары фосфор және оның туындыларын шығарумен айналысады.

Қазір Айжан фитнес саласына бет бұрған, KRIDA фитнес-клубының үлесіне ие. Сондай-ақ «Алматынан» және Петропавлдағы нан-тоқаш комбинаттарында да үлестері бар.

Тізімге енгендердің қатарында 41 жастағы Нұрәлі Әлиев те бар. Forbes дерегінше, оның дәулеті 280 миллион долларға жеткен.

Ол Capital Holding және Darmen Holding компанияларында бақылаушы үлеске ие. Сондай-ақ Дубай мен Алматыда Donatello қонақүйлерін басқарады. Бұдан бөлек, мейрамхана бизнесі де бар. 2025 жылы ол «Транстелеком» компаниясындағы үлесін сатты.

Сондай-ақ рейтингке Тимур Турлов, Ғалымжан Есенов, Алмаз Әлсенов, Айғазы Құсайынов және Асқар Байтасов енген.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button