
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентін «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады.
Мемлекет басшысы Түркия Президентін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағанын, Режеп Тайип Ердоған – бұл орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті.
«Мұның символдық мәні өте зор. Бұл марапат – ұлы бабамыз салған рухани бауырластық пен тарихи әділдік жолының жарқын үлгісі. Қадірлі Президент мырза, Сіздің Қазақ еліндегі беделіңіз өте жоғары. Халқымыз Сізді сыйлайды, жақсы көреді, қолдайды. Қадірлі досым, осы жоғары марапатты Сіздің түркі әлеміндегі көшбасшылық рөліңізге берілген лайықты баға деп қабылдаңыз. Сондай-ақ еліміздің Сізге және түрік жұртына деген шынайы құрметі, зор ризашылығы деп біліңіз. Өзіңізге зор денсаулық, ал барша түрік халқына амандық пен бақ-береке тілеймін! Қазақ-түрік достығы мәңгі болсын!» – деді Президент.
Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді.
Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын! – деді Түркия Президенті.



