Қоғам

Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: Бірнеше командир қызметінен қуылды

Бас әскери прокуратура Ақтау гарнизонына қарасты әскери бөлім командиріне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданғанын мәлімдеді.

Қайғылы оқиға биыл 17 ақпанда Бейнеу полигонында өткен жоспарлы атыс жаттығулары кезінде болған. Сол кезде сарбаз Жайғалиев Р. қаза тапқан еді. Тергеу мәліметінше, әскери бөлім командиріне қызметтік міндетіне салғырт қарады деген айып тағылып отыр.

Тергеу барысында бөлім командирі жеке құрамды бақылауды және қарумен жұмыс істеу тәртібін қамтамасыз ету бойынша жарғылар мен ведомстволық бұйрықтарда көзделген шараларды қабылдамағаны анықталды, бұл түптеп келгенде қайғылы оқиғаға себеп болды. Әскери прокурорлардың үздіксіз қадағалауы және жедел-тергеу тобының үйлестірілген жұмысы барысында қысқа мерзімде жеткілікті дәлелдер жинақталып, қажетті сот сараптамалары жүргізілді, — деп хабарлады Бас әскери прокуратура.

Нәтижесінде қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

Сонымен қатар, барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі қызметтерінен босатылды, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметшілердің қаза табуына әкеп соққан қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс Бас әскери прокуратура тарапынан жалғастырылады, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы әскери бөлімде сарбаз қаза тапқан еді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button