Ауылдан хат

Талғарда әкесінің қабіріне құран бағыштауға барған жігітті пышақтап өлтіріп кетті

Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылында 24 жастағы жігітті екі жерден пышақтап өлтіріп кетті.

Марқұм ағасымен бірге әкесінің қабіріне құран оқып, зираттан қайтып келе жатқан. Оның артында екі кішкентай қызы қалды. Қыздарының бірі жуырда ғана бір жасқа толған.

Журналист Нұртай Лаханның мәліметінше, жанжал үш жігіттің көліктің барлық есігін ашып, жолды жауып тұрғанынан басталған. Марқұм өту үшін есіктерді жабуды сұраған, алайда оған әлгі үшеу дөрекі жауап қайтарған. Олар “керек болса айналып өт” деп жауап қайтарған. Марқұм жанжалдаспай үйіне қайтып кеткен. Алайда әлгі үшеу соңынан еріп келіп, жігіт көліктен шыққан сәтте оны өкпе тұсынан екі рет пышақ салған. Жігіт сол жерде жан тапсырған.

Алматы облысының полиция департаменті оқиғаны растады.

«11 мамыр күні Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны ауруханада пышақ жарақатынан қаза тапты, осы өлімге қатысы бар деген күдікпен үш жігіт ұсталды. Адам өліміне қатысты хабар түсе сала полицияның бүкіл наряды аяғынан тік тұрып, блокбекеттер қойылды. Жедел-іздеу кезінде қаза тапқан жігіттің үш ауылдасы ұсталды. Осы іске қатысты «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлайды Алматы облысының полиция департаменті.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқушылар арасында пышақ алып жүру жиілеген. Бұған дейін 7-сынып оқушысы сыныптасының аяғына пышақ сұққан жағдай болған. Тағы бір бала пышақтан қашып, өзге үйлердің ауласына тығылған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button