«Лас әңгімеге араластырудың қажеті жоқ»: Ләйлә Сұлтанқызы «Балапан» арнасына қатысты дау туралы пікір білдірді

Белгілі тележүргізуші әрі «Балапан» арнасының бұрынғы директоры Ләйлә Сұлтанқызы Нұрғали Нұғман есімді жігіттің оғаш жазбасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды tiek.kz.
Сұлтанқызының айтуынша, бұлай хаип ұстауға болмайды. «Балапан» арнасын лас әңгімеге араластырудың қажеті жоқ.
«Балапан» арнасын лас әңгімеге араластырудың қажеті жоқ. Дәлел, дәйексіз біреу солай айтты екен деп бүкіл арнаның жұмысын, қызметкерлерін жаман атты қылған дұрыс емес!
Балапан арнасына көптеген компания аутсорсер болып, түрлі хабарлар, сериалдар, мультфильмдер түсіреді. Әр аутсорсер компанияда ондаған, жүздеген адам еңбек етеді. Арна қызметкерлері барлығын танымауы қалыпты жағдай. Арна — тапсырыс беруші, ауторсер компания тапсырылған жұмысты келісім-шарт аясында орындаушы ғана.
Мен істеген жылдары (2012-2016) ер продюсерлер аз болды және олар штаттан тыс жұмыс істеді.
Егер жәбірленуші кінәліні біліп, шынымен жазалануын қаласа, бірінші, арыз жазылып, іс қаралар еді. Жалпы айналысатын жауаптылар бар ғой.
Мені белгілей берудің қажеті жоқ. Жұмыстан бөлек, танитын-танымайтын әріптестердің жеке өміріне, не істеп жүргендеріне араласпағанмын, жеке шекараларынан аттамағанмын», — деп жазған ол өзінің Threads желісінде.
Бұған дейін Нұрғали Нұғман есімді жігіт бірнеше жыл бұрын «Балапан» телеарнасында жұмыс істеп жүргенінде продюсер тарапынан зорлық көргенін мәлімдеген еді. Қызығы, бүгін актер «кешірім сұрап» тағы бір видео жариялады. Өз жазбасында ол Балапан коммерциялық жобасын «Балапан» арнасымен шатыстырып алғанын айтқан.
Бұл оқиға желіде дау тудырып, желі қолданушылары арасында ұлттық телеарнаға бойкот жариялау туралы бастама көтеріліп жатыр.



