Қоғам

«Әскерде әлімжеттік жойылған, сарбаздар бешбармақ жеп, ұялы телефон ұстайды» — Қорғаныс министрінің орынбасары

Әр сарбаз өзі таңдап алатындай 3-4 түрлі «бірінші» және «екінші» ас дайындалады.

Қазіргі таңда әскерде әлімжеттік жоқ. Бұл жайында Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды tiek.kz.

Мұстабековтің айтуынша, еліміздің қорғаныс саласында кешенді жұмыстар жасалынып жатыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде сарбаздар арасында ара-тұра кикілжіңдер болатыны болмаса, жаппай әлімжеттік жоғалған.

«Әлімжеттік деген ұғымды қазіргі таңда алып тастау керек. Өйткені әлімжеттік дегендей жағдайлар болып жатқан жоқ. Әрине, ер азаматтар ұжымы болғаннан кейін неше түрлі кикілжіңдер болып қалады. Болып жатқан бірде бір жағдайлар ол бүкіл Қарулы күштерінде әлімжеттік жайлап тұр деп айтуға болмайды. Бірақ бұл бағытта кешенді жұмыстар жасалынып жатыр. Барлық жерде ЖИ мен камералар қойылып жатыр. Қазіргі таңда әскери бөлімдердің 50%-ы осындай бейнекамералармен жабдықталды деп айтуға болады. Бұл бейнекамералар жататын, жуынатын, оқу-жаттығу өтетін, қару-жарақ сақталатын барлық жерлерде орналастырылған»,  — деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков.

Сондай-ақ ол елімізде сарбаздарға ұялы телефон қолдануға рұқсат етілгенін айтады. Бұрын тек сенбі, жексенбі күндері ғана ұстауға болатын. Айтуынша, бұл да сол әскердегі қауіпсіздікті арттыру үшін жасалып отыр.

«Жақын арада Қорғаныс министрінің бұйрықтарына өзгерістер енгізіліп, сарбаздарға смартфондарын қолдануға рұқсат берілді. Қазіргі таңда өздерінің ата-аналарымен, туған-туыстарымен қатынастары күнделікті болып тұрады деп ойлаймыз. Өйткені бұған дейін 2022 жылдан бері «баспанамен бейнеқоңырау» атты бағдарлама болған, онда тек сенбі, жексенбі күндері ғана шыға алатын. Осындай іс-шаралар жүргізіліп жатыр армияның қауіпсіздігін, ашықтығын арттыру үшін», — деді спикер.

Сондай-ақ, сарбаздардың ас мәзіріне өзгерістер енгізілуде. «Швед үстелі» үлгісі қолданыла бастады. Онда әр сарбаз өзі таңдап алатындай 3-4 түрлі «бірінші» және «екінші» ас дайындалады. Пилоттық жоба сәтті іске асса,  бүкіл Қарулы күштерге енгізіледі. Әскери қызметшілердің ас мәзіріне ұлттық тағамдар да қосылды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button