Қоғам
Тренд

Мәжілістің папкасымен әйелінің гештальтын жапқан депутат (ВИДЕО)

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың әйелінің «гештальтін жабу» үшін парламент атынан арнайы құттықтау жасауы үлкен шу болып жатыр.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың әйелінің «гештальтін жабу» үшін парламент атынан арнайы құттықтау жасауы үлкен шу болып жатыр. Ең қызығы, жұрт Мұқаев мырзаның дәл депутаттық этика мәселесі заңға кіргізіліп жатқан кезде мұндай қылыққа баруын түсінбей әлек, деп хабарлайды tiek.kz.

Депутат өзінің бұл қылығын әйелінің гештальтін жапқысы келгендікьен жасағанын айтады. «Біз парламентте құттықтауды өзіміз сатып алып жасатамыз. Ресми қағаз 5 мың теңге тұрады. Адамның есімін жазып ресми құттықтауларға барғанда алып барамыз. Лаура осылай құттықташы деп маған 30 жасқа толған кезде айтқан. Сол гештальті жабылмады. Биыл 32 жасқа толып жатыр. Гештальтін айтқанына үшінші жыл болыпты. Парламент 1 шілдеде тарайын деп жатыр. Қолымда тұрған құттықтау болған соң 5000 теңге төлеп шығарып алдым. Ішіне жүрек жарды тілегімді жаздым», – дейді Дәулет Мұқаев.

Видео әлеуметтік желілерде кең тарап, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызып отыр. Көбі оның бұл тірлігін депутаттық мәдениетке жат екенін жазған.

Мәжілістің папкасымен әйелінің гештальтын жапқан депутат

«Мәжіліс мінберінен шешесінің гештальтын жапқан депутатты көрдік.

Мәжілістің папкасымен әйелінің гештальтын жапқан депутатты көрдік..

Қызметтік кабинетте Қасиетті Көк Туымыздың түбінде қызметтес қатынға «махаббат серенедасын шырқаған» колледж директорын көрдік…

Әкім-қаралардың гештальты жабылмаған ойнастарының әл.желідегі демарштарын көріп жүрміз…

Мемлекет мәңгілік болуы үшін әрбір азамат үшін «Мемлекет» деген ұғым қасиетті болуы шарт!

Сондықтан, «мемлекеттік қызмет» деген ұғымға көлеңке түсіретіндердің билікке өтуіне енді жол беруге болмайды…

Өмір Шыныбекұлы

Басына қонған бақытты бағалай алмаған көп шенеуіктің бірі

Өз болашағы (карьерасы) тамырына балта шапқанның бірі — осы бауырым, депутат Дәулет Мұқаев.

Бастысы, мәжілістегі миссиясын толық түсінбеген, осы уақытқа дейін —осы қадірлі орган атынан алған кіл жақсының марапаты құны «5 мың теңге» екенін айқындап берді.

Түсінген адамға бұл сұмдық жәйт.

Басына қонған бақытты бағалай алмаған көп шенеуіктің бірі.

Өте өкінішті…

Тортуыл Шоқан

Парламенттің беделіне қарсы жұмыс істеп отыр

Дәулет Мұқаев осы әрекетке барғанда бұл қылығы елеусіз қалады деп ойлады ма? Әрине осындай хейт болатынын біле тұра істеді, деп ойлаймын. Келесі сайлауға бармайтынын біледі. Сондықтан ойына келгенін істей беруге болады деп шешкен ғой.

Бұл жалпы билікті құнысыздандырады. Парламенттің беделіне қарсы жұмыс істеп отыр. Осы жігіт соңғы шақырылымда елге пайдасы бар қандай заңға бастамашы болды? Жұртты елең еткізген нендей сауалдар немесе мәлімдеме жасады? Менің есіме түспеді. Айтпақшы үйіндегі іш киімі мен шұлығының тұратын суырмасын көрсеткені есімде қалыпты.

Тақиясын киіп алып, Мәжілісте құры күнін өткізген бір депутат болса, ол осы адам. Әйелінің гешталтын жабатын төменгі палатаның адресаты екен, ендеше деңгейі де белгілі болды. Бұрын депутат деген салмақты, салиқалы азаматтар еді. Қазіргілердің түрі мынау.

Ришат Асқарбекұлы

Жетіскен екенбіз

Картоп қымбаттағанда депутат басымен мәселені көтерудің орнына әйеліне картоптан букет сыйлағанда “ақылының жеткені сол шығар” деп күліп қоя салғанбыз. Енді міне, заң шығарушы органның атауын әйелін құттықтауға пайдаланып, онысын “гештальт жаптық” деп тұр. Әр депутат 5 мың теңгеге сатып алып, әйелін, туған-туысын, құда-жекжатын Парламенттің атынан құттықтай берсе, жетіскен екенбіз. Кетуіне бір жарым ай қалғанда қойшы деп ем, бірақ мына концертіне шыдамадым. Кластасыма күліп ек, мынауың одан қалысып тұрған жоқ.

Гүлбану Әниятқызы

Заң шығарушы орган гештальт жабатын жерге айналған ба?

Ардақ Назаров анасын Мәжіліс мінберінен құттықтап еді. Енді Дәулет Мұқаев деген депутат әйелінің туған күніне Парламенттің атынан адресат жасатыпты. Гештальтын жапқым келді дейді. Заң шығарушы орган гештальт жабатын жерге айналған ба? Мыналарға тоқтам салмасақ, алдағы уақытта аурулары асқынып, құда-жекжатын Ақорданың атынан құттықтап, той-томалаққа Президенттің «Алғыс хатын» апарудан тайынбайды.

Диас Нұрақын

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button