
Украина президенті Владимир Зеленский 9 мамырда Мәскеуде Жеңіс шеруін өткізуге мысқылмен «рұқсат беретін» арнайы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады tiek.kz.
Құжатта Қызыл алаңның төрт бұрышының нақты координаттары көрсетіліп, мереке күні бұл аумақ Украина қаруын қолдану жоспарынан шығарылатыны жазылған.
Тиісті №374/2026 құжат жұма күні, 8 мамырда Украина мемлекеті басшысының сайтында жарияланды. Онда бұл шешім «көптеген өтініштерді ескере отырып және 2026 жылғы 8 мамырда Америка тарапымен келіссөздерде белгіленген гуманитарлық мақсатта» қабылданғаны түсіндіріледі.
«Шеру кезінде (2026 жылғы 9 мамырда Киев уақытымен таңғы сағат 10-нан бастап) Қызыл алаңның аумақтық квадраты украин қаруын қолдану жоспарынан шығарылсын», — деп жазылған қол қойылған сәттен бастап күшіне енген жарлықта. Құжатта соққы жасауға тыйым салынған аумақтың нақты координаттары көрсетілген.
Бұған қатысты пікір білдірген Кремль өкілі Дмитрий Песков Ресейге ешкімнің рұқсаты қажет еместігін айтып, бұл әрекетті «ақымақ қалжың» деп атады. «Бізге ешкімнің рұқсаты керек емес. Жеңіс күнін келеке етіп, мұндай ақымақ қалжыңдар жасауға тырысқан адамның соры болар. Бұл, сірә, оның үлкен қасіреті шығар», — деп мәлімдеді.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 9-11 мамыр аралығында Ресей мен Украина арасында үш күндік бітім орнағанын хабарлаған еді. Осы келісім аясында Мәскеу мен Киев 1000 да 1000 форматында әскери тұтқындармен алмаспақ. Тараптар мұны ресми түрде растады.



